Дегенмен экономикалық белсенділікті одан әрі қалпына келтіру мақсатында кешенді жоспар құрылған
Елімізде 5 айдың ішінде жалпы ішкі өнім 1,7 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, қызмет секторларында, оның ішінде көлік қызметтерінде, сауда саласында, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар бойынша көрсеткіш азайған. Бүгін үкімет отырысында айтылған мәселе осы болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дегенмен экономикалық белсенділікті одан әрі қалпына келтіру мақсатында кешенді жоспар құрылған. Ол қалай жүзеге асады?
Кешенді жоспар бірқатар шараларды қамтиды. Бұл – өнеркәсіпті дамыту қорын құру. Оның аясында өңдеуші кәсіпорындарға 3 пайыздық жеңілдетілген мөлшермен қарыз беру көзделіп отыр. Ұлттық Банк бағдарламасы мен «Бизнестің жол картасы» шеңберінде шағын және орта бизнесті қолдау бойынша қызмет түрлері кеңейтіліп жатыр. Несиелеу рәсімдері де жеңілдетіледі.
«Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасында бизнес үшін микрокредиттерді субсидиялауды қарастыратын жаңа «Микрокредиттеу» бағыты іске қосылады. Осы шаралардың барлығы сыртқы сын-қатерлердің теріс салдарын азайтуға бағытталған. Сондай-ақ, кешенді жоспар экономика салаларындағы жедел мәселелерді шешуге, ішкі өндіріс пен кәсіпкерлікті қолдауға мүмкіндік береді», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан ДӘЛЕНОВ.
Ал, Ұлттық банк төрағасы азық-түлік тауарларының 10,7 пайызға өскенін айтты. Сондай-ақ ол, мұнай бағасының өсуі теңгеге де, Қазақстанның сауда серіктестері елдерінің валюталарына да жағымды әсер еткенін мәлімдеді.
«Ағымдағы жылғы мамырда Квази мемлекеттік сектор субъектілерінің сату көлемі бір айда 156 млн АҚШ долларын құрады. Мұнай әлемдік бағаның өсуі ішкі қолайлы факторлармен қатар теңгенің айырбастау бағамын 1 АҚШ доллары үшін 424, 57 теңгеден 411,55 теңгеге дейін 3,1% - ға нығайтуға ықпал етті. Ал, 8 маусымдағы сауда-саттық қортындысы бойынша орташа бағам 1 АҚ доллары үшін 397 теңге 27 тиын деңгейінде қалыптасты», – деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат ДОСАЕВ.
Ал, энергетика министрлігінің айтуынша, мұнай өнімдері нарығында жағдай тұрақты. Жанар-жағармай тапшылығы жоқ. 5 айдың қорытындысы бойынша 205 мың тонна бензин Еуропа елдеріне және Орталық Азия мемлекеттеріне экспортталған.