Биыл қай өңір бюджеттен бөлінген қаражатты игере алмады

kaz.tengrinews.kz
kaz.tengrinews.kz
Әлихан Смайылов қазан айында инфляция деңгейі көтерілгенін айтып, азық-түлік бағасы қымбаттағынан жеткізді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл жергілікті әкімдіктер бюджеттен бөлінген қаражаттың 520 миллиард теңгесін игермеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазынадан бөлінген қаражатты әсіресе Астана қаласы, Маңғыстау облысы, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облысы дұрыс атқармапты. Ал индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ішкі істер, төтенше жағдайлар және оқу-ағарту ведомствалары 278 миллиард теңгені жұмсап үлгермеген.

Үкімет отырысында баяндама жасаған қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, министрліктердің бюджет қаражатын игермеуін қазынашылық ақпараттық жүйелеріндегі техникалық ақаулардан көреді. Сонымен қатар, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, орындалған жұмыстар актілерін, шот – фактураларды уақытылы ұсынбау, шарттарды, қосымша келісімдерді ұзақ жасасу да ақшаның жұмсалуын тежейді екен. Жергілікті әкімдіктердегі жағдай да осыған ұқсас. Ерұлан Жамаубаев есеп өткізу уақытын айдың соңына қалдырмау керегін айтты.  

«Мемлекеттік мекемелердің бюджетті атқару бойынша қаржылық құжаттарды айдың соңғы жұмыс күнінде ұсынуы орын алып отыр. Техникалық себептерге байланысты олардың аумақтық қазынашылдық органдары уақытылы өңдеп үлгермеу тәуекелдері жоғары болып отыр», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Ал экономика министрі Әлібек Қуантыровтың баяндамасына қарасаң сандардың бәрі маржандай. Әр салада бірнеше пайыз өсім бар. Тіпті теңгенің нығайғанын да байқауға болады. Алайда, Әлібек Қуантыров бюджет нақтыланғанда төл валюта бағамы 1 доллар 466 теңгеден төмен болатынын жоспарлаған көрінеді.  

«Теңге бағамы нығая түскенін көріп отырсыздар. Маған бұл сұрақты жыл басынан бері талай рет қойды. Кей жерлерде дүрбелең, маусымдық кезеңдер болып жатқанын көріп отырмыз. Теңге кейде әлсірейді, бірақ кейін позициясын қалпына келтіреді. Қазір теңге бағамы 466 теңгеден төмен екенін көріп отырмыз, бұл – бюджетті нақтылау кезінде қолданылған бағам», – деді ҚР Экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Жиын соңында, Премьер-Министр Әлихан Смайылов қазан айында инфляция деңгейі көтерілгенін айтып, азық-түлік бағасы қымбаттағынан жеткізді. Халық тұтынатын тауарлардың құнын ұстап тұру бойынша жергілікті әкімдіктердің қабылдап жатқан шаралары тиімсіз деп сынады Премьер. Үкімет басшысы әкімдіктерге жылдың аяқталуына екі айдан аз уақыт қалғанын ескертіп, қолға алған жобаларды уақытында бітіруді тапсырды.

Өмір Серікбекұлы Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана

Новости партнеров