Бұл шешім инфляцияның Ұлттық Банктің болжамдарына сәйкес келуіне байланысты қабылданды
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл шешім инфляцияның Ұлттық Банктің болжамдарына сәйкес келуіне байланысты қабылданды. Ішкі және сыртқы инфляциялық процестер динамикасы, сондай-ақ экономикалық өсу траекториясы Ұлттық Банк болжамының базалық сценарийіне сәйкес қалыптасуда. Айлық инфляция біртіндеп баяулап келеді, бірақ ол өзінің орташа жылдық мәндерінен жоғары күйінде қалып отыр. Инфляциялық тәуекелдердің балансы проинфляциялық күйін сақтап қалды, себебі инфляцияның орнықты бөлігі жоғары қалыптасып, инфляциялық күтулер қарқын алды. Логистикалық тізбектердің құрылымдық өзгеруі экономикаға теріс ықпалын тигізіп келеді. Сақталып отырған тәуекелдер базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт ішінде ағымдағы мәндерде ұстап тұруды талап етеді.
Инфляция Ұлттық Банктің күтулеріне сәйкес қалыптасып отыр. Айлық инфляция динамикасы үш ай қатарынан баяулауды көрсетіп, 2022 жылғы қыркүйектегі 1,8%-дан желтоқсанда 1,2%-ға дейін төмендеді. Көрсеткіштің төмендеуіне қарамастан, ол орташа жылдық мәндерден айтарлықтай асып (соңғы 5 жыл ішінде орташа алғанда желтоқсанда – 0,7%), жоғары қалпында қалды.
2022 жылдың қорытындысы бойынша, инфляцияның жылдық мәні 20-21% болжамды мән аралығында қалыптасып, 20,3%-ды құрады. Жылдық инфляция құрамында азық-түлік тауарлары мен азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы ең жоғары өсімді көрсетті. Ақылы қызметтер инфляциясы өзгеріссіз қалды, оған тұрғын үйді жалдау құнының төмендеуі мен реттелетін қызметтер бағасының баяу өсуі әсер етіп отыр. Сонымен қатар, инфляцияның орнықты бөлігі проинфляциялық ортаның сақталуын көрсетті және бұрынғысынша жоғары қалпында қалды.
Инфляциялық күтулер де қарқын алды. Олардың мәні желтоқсанда 21,3%-ды құрап, сауалнама жүргізілген сәттен бастап ең жоғары көрсеткіштерді жаңартты. Халық тарапынан инфляциялық күтулердің өсуі азық-түлік бағасының өзгеруімен, сыртқы оқиғалармен және жанар-жағармай бағасының өзгеруімен байланысты. Инфляциялық күтулердің жоғары және тұрақсыз болуы инфляцияның болашақта тез өсуіне және оның баяулап төмендеуіне себеп болуы мүмкін.
Сыртқы бағалар жалпы базалық сценарий шарттарына сәйкес қалыптасып отыр. Алдыңғы шешімнің риторикасына сәйкес, сыртқы инфляциялық орта әлсіреуде. Ақша-кредит талаптарын барлық жерде күшейту әсерінен көптеген елдерде, оның ішінде біздің сауда серіктесіміз саналатын мемлекеттерде инфляциялық процестер баяулай бастайды. Бұл азық-түліктің әлемдік бағасының біртіндеп төмендеуімен қатар Қазақстандағы инфляцияға да әсерін азайтады. Мұнай бағасы базалық сценарий бойынша 2023 жылға барреліне орташа есеппен болжанған 90 АҚШ доллары деңгейінен сәл төмен қалыптасып отыр.
Экономиканың өсу траекториясы Ұлттық Банк бағалауының жоғарғы шегіне жақын қалыптасты. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының алдын ала бағалауына сәйкес 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда ЖІӨ-нің өсуі 3,1%-ды құрады. Тұтыну импортының өсімі, бөлшек тауар айналымының тұрақты динамикасы мен тұтынушылық кредиттеу көлемінің артуы байқалады.
Проинфляциялық тәуекелдер сақталып отыр. Инфляцияның негізгі тәуекелдері – инфляциялық күтулер жоғары және тұрақсыз болған кезде сауда құрылымының өзгерісі, жоғары азық-түлік инфляциясының сақталуы, әкімшілік реттеу кезеңінен кейін реттелетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге инфляцияның артуы, сондай-ақ жалғасып жатқан соғысқа қатысты белгісіздіктің жоғары болуы. Әлемдегі рецессия тәуекелдерінің аясындағы сыртқы сұраныс ахуалы, сондай-ақ логистикалық жағдайлар мұнай бағасының траекториясына және экономикалық өсуге қатысты айтарлықтай белгісіздік туындатады.
Іс жүзіндегі инфляцияның базалық сценарийге сәйкес қалыптасуын ескеріп, қалыптасқан тәуекелдер балансын назарға алып, Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені көтеру циклін аяқтап қалуға жақындағанын жария еткен өз мәлімдемесінде қалады. Базалық мөлшерлемені одан әрі көтеру әлеуеті шектеулі. Сонымен қатар, сақталып отырған проинфляциялық тәуекелдерді ескере отырып, инфляцияны күтудің жоғары деңгейде тұрақталуының алдын алу үшін базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт бойы ағымдағы мәндерде ұстап тұру қажет.
Базалық мөлшерлеме жөнінде келесі шешімді қабылдаған кезде 2023 жылғы ақпандағы раунд нәтижесі бойынша жаңартылған болжам ұсынылады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2023 жылғы 24 ақпанда Астана қаласының уақыты бойынша сағат 12:00-де жарияланады.