Жаңа жылдан бастап жанармай қымбаттайды

Жаңа жылдан бастап жанармай қымбаттайды
Ұлттық экономика министрлігі басшысының пікірінше, акцизді көтеру Қазақстандағы инфляцияға айтарлықтай әсер етпейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алайда, бұл нарыққа қымбатшылық әкелмейді. Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов сенаторларды дәл осылай сендіруге тырысты. Тіпті бұның пайдасын да жеткізді. Отырыста еліміздің 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Қазақстан Ресей нарығын арзан бензинмен қамтып отырғанын жеткізді. Ал көршіміз болса өнімді Еуропаға қымбат бағамен экспорттайды. Демек біздің арзан бензин арқылы «пайданы күреп тауып отыр» дейді министр. Айтуынша, бұны реттеудің жолы - акциз бағасын көтеру. Аталған мәселе бойынша қазір министрлікте қаулы жобасы әзірленіп жатыр. Онда бензиннің литріне 10 теңге қосу қарастырылған.

«Бұл инфляцияға немесе шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының өнімдерінің өзіндік құнына қатты әсер етпейді. Бүгінде акциздің едәуір үлесін мұнай өндіретін, өңдейтін және нарыққа шығаратын компаниялардың кірісі мен шығыны алып отыр», – дейді ҚР Ұлттық Экономика министрі Руслан ДӘЛЕНОВ.

Ұлттық экономика министрі келер жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 4,1 пайыз деңгейінде болжанып отырғанын айтты. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 4,7 пайызға жетеді. Айтуынша, негізгі өсім шикізат емес секторына тиесілі болмақ. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету саласы және құрылыс.

«Мұнай өндіру көлемі 2020 жылы 90 миллион тоннадан, 2024 жылы 100 миллион тоннаға дейін өседі. Өндірістің өсуі Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарын кеңейту, сондай-ақ теңіздегі оларды пайдалануға беру есебінен болады. Номиналды жалпы ішкі өнім 2020 жылы 75 триллион теңгені, ал 2024 жылы - 106 триллион теңгені құрайды», – дейді ҚР Ұлттық Экономика министрі Руслан ДӘЛЕНОВ.

Ал Қаржы министрі Әлихан Смайылов ІРО-ға шығарылатын кәсіпорындарды атады. "Қазақтелеком", "Эир Астана", «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы. Соңғысы қарыз жүктемесіне байланысты кешіктіріліп шығарылады.

«Қазақстан темір жолында проблемалар бар. Қазіргі уақытта қаржылық жағдайын жақсарту, нақты айтқанда ҚТЖ-ның қарызын қайта құрылымдау бойынша жұмыс жүргізілуде. Жалпы, арнаулы жол картасы әзірленді және біз бұл мәселеде ілгерілеп келеміз. Меніңше, таяу бірнеше жылдың ішінде бұл мәселе шешіледі», - дейді ҚР Қаржы Министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, компания кезінде алған валюталық қарыз елдің ішкі қарызымен алмастырылады. Демек олар бағамдық тәуекелдерге байланысты қызмет көрсетуге қымбатқа түсетін валюталық қарыздан құтылу үшін ел ішінде теңгемен ақша тартпақ. Айтуынша, халықаралық кеңесшілер нарық конъютурасын ескеріп отыр. Мәселеде асығыстық жасауға болмайды. Ал қалған компаниялар ІРО-ға мерзімінде, яғни 2020 жылы шығатын болады.

Новости партнеров