Онлайн платформа құруды бүгін Үкімет отырысында Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі ұсынды. Аталған жүйе арқылы өңірлердегі, тіпті нақты дүкендердегі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің құнын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік туады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еліміздің Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың мәліметінше, барлық өңірдегі тауарлардың бағасы инфляциядан асады.
«Ағымдағы жылдың басынан бастап инфляция 4-6 процент дәліз шегінде сақталуда. Жылдық инфляция 5,4 процент деңгейінде қалыптасты. Ал 2018 жылдың шілдесінде ол 5,9 процентті құраған. Инфляцияның өсуіне ең көп әсер еткен азық-түлік тауарлары. Олардың инфляция өсіміне қосқан салымы 3,4 процент тармақты құрады. Осы тауарлар бағалар өсуінің шамамен 63 процентін құрады», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан ДӘЛЕНОВ.
Белгілі болғандай, әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік өнімі 9 пайызға ұлғайған. Ең жоғары өсім Нұр-Сұлтан, Жезқазған және Талдықорған қалаларында байқалады.
Жалпы, республика бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары арасында пияз 79, сәбіз 59, картоп 33, күріш 24, ал бірінші сұрыптағы ұнның бағасы 15,3 пайызға өскен. Тауарлар бағаларының қалыптасуына талдау жүргізілді. Одан түпкілікті тұтынушы үшін баға өндірушілердің немесе импорттық бағаларынан едәуір жоғары екені анықталған. Мәселен, сәбізді өндірушінің бағасы 67 теңге болса, нарықтағы сату бағасы 151 теңге. Демек, үстеме баға 87 теңгені құрап отыр. Мамандардың айтуынша, өсімге реттелмеген өндіріс, тиімсіз делдал санының көптігі, сақтау шарттарының орындалмауы, тұтынушыға дейін кепілденген жеткізу арналарының жоқтығы себеп. Түйткілді шешу үшін Сауда және интеграция министрлігі келесідей ұсыныс жасады.
«Бүгінде Статистика комитеті әр сейсенбі күні әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қолмен жинақтау жүргізеді. Ресми статистикалық деректер әр бейсенбі күні жарияланады. Деректерді жинау 2011 жылдан қол тәртібінде жүргізіледі. Бұл ретте дамыған елдерде бағаны мониторингтеуге қоғам тартылады. Яғни, кез-келген азамат тауар бағасын суретке түсіріп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалар статистикалық жинақталатын мамандандырылған порталға жібере алады», – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт СҰЛТАНОВ.
Өз кезегінде Үкімет басшысы министрліктің онлайн-платформа туралы ұсынысын мақұлдады. Бұдан бөлек, Асқар Мамин әлеуметтік маңызы бар тауарларға апта сайын мониторинг жүргізуді тапсырды. Бұл ретте әкімдердің жұмысын сынға алып, тұрақтандыру қорының да жұмысы тиімсіз болып отырғанын алға тартты.
«Сауда және интеграция министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екі аптада тұрақтандыру қорларының жұмысын тексеріп, олардың жұмыс форматын өзгертуді тапсырамын. Сонымен бірге, Сапархан Кесікбайұлы, әлеуметтік маңызы бар 10 өнімді өндіру жөнінде бағдарлама әзірлеңіздер. Бұл да бағаны өсірмей, ұстап тұруға оң әсер етеді. Әкімдер бағаларды өсірмеуді ерекше бақылауда ұстауы қажет», – деді ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИН.
Үкімет отырысында, сондай-ақ, бағаны негізсіз шарықтатқан субъектілер жайында айтылды. Жыл басынан бері Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Бәсекелестікті қорғау комитетімен 7 тергеу жүргізілген. 4 субъект 4 миллион теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 6 миллион теңге көлеміндегі монополиялық кіріс тәркіленген. Бұл нан, сүт және қант өнімдерін өндіріп келген кәсіпорындар.