Оған қоса, фармацевтика саласында 3 жоба жүзеге асырылады
Алматының экономикасы жоғары, ішкі тұрақтылығы мығым болуы шарт. Қалаға ешқандай қауіп төнбеуі қажет. Бұл – алып шаһардың дамуына инвестиция құятын ірі компания басшыларының талабы. Almaty Іnvest халықаралық форумында мегаполисте ірі жобаларды жүзеге асыруға қуана келісті. Айтуыларынша, бұдан ұтпаса, ұтылмайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дамуы адымды Алматыға қай елдің инвесторы болсын, қаражат құюға құлықты. Өйткені, алып шаһардың қыз-қыз қайнаған тіршілігі, экономикаға зор серпін берері сөзсіз. Ал, тартылған инвестиция, ұзақ мерзімді серіктестікке жол ашады. Сол үшін де, тұрақты табыс көзінің тетіктерін пысықтауға келдік дейді, – Алматы инвест форумының делегаттары.
«Біз Алматыда денсаулық сақтау, IT технология, қаржылық жобаларды, туризмді саласында әріптестік қарым-қатынас орнатуды қалаймыз. Алматы – экономикасы қарқынды дамыған қалалардың бірі. Біздің екеуара бірігіп жасайтын ауқымды жобаларымыз бар», – дейді Qatar Invest Llc& Dome Group Financial Advisors Ltd кеңесшісі, Түркияның экс вице-премьер министрі Мехмет ШИМШЕК.
«Біздің компания сандық салада қызмет етеді. Бұл тәжірибемізбен Қазақстанмен бөліскіміз келеді. Бірқатар сандық жүйеге көшуге арналған тиімді жобаларымыз бар», – деді Crimson Logic вице-Президенті Йонг Ви ТАН (СИНГАПУР).
Халықаралық форумның нәтижесінде бас-аяғы 30-дан астам жобаға қол қойылды. Құны 2 миллиард долларды құрайтын бастаманың ішінде Біріккен Араб Әмірлігінен келген іскерлердің де ұсынысы бар. Шетелдіктердің басты қалауы- қаладағы қауіпсіздік пен ішкі тұрақтылықтың болуы.
«Біздің Катардан келген делегация мейлінше қауіпсіз инвестиция көздерін іздейді. Бізге екі жақты байланысы күшті, сенімді елдер керек. Экономикасы тұрақты, инфраструктурасы дамыған мемлекетпен жұмыс істеген бізге ыңғайлы. Бүгін шарада түйерім, Алматы қаласы мен айтқан шарттарға сәйкес келеді деген тұжырымға келдік», – деді Катар сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Мохаммед Бин Тауар Әл-КАВАРИ.
«Қазақстанда әрине, IT технология, шикізат секторында жұмыс істеген жақсы. Әйтсе де, инвесторлар логистика, жаңа энергетика, жасыл сала сынды секторларға қызығушылық білдіруде. Жаңа салаларды бірігіп дамыту жобасы өте қызық жүргізілетініне сенімдімін. Бұл дегеніміз венчурлық компаниялар, креативті салалар», – деді Еуропалық қайта құру және даму банкінің қазақстан бойынша директоры Агрис ПРЕЙМАНИС.
Бұдан бөлек, қалада 2 халықаралық клиника, 3 халықаралық мектеп пен 2 логистикалық орталық ашылмақ. Оған қоса, фармацевтика саласында 3 жоба жүзеге асырылады. Осылайша, 12 трлн.теңгені құрайтын Алматы экономикасының көлемі алдағы уақытта арта түспек.
Әйгерім Ердәулет, Қуан Нұрақын, Әсет Құндақбаев «Алматы» телеарнасы.