Ол туралы еліміздің Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев мәлімдеді
Бір жыл ішінде Арыс қаласынан 380 мың оқ-дәрі шығарылған. Ол туралы еліміздің Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуы бойынша, қоймаларда оқ-дәрілерді сақтау айтарлықтай жақсы деңгейде ұйымдастырылған. Әйтпесе жарылыс салдары одан да ауқымды болар еді деп отыр. Дегенмен оқ-дәрілерді іздеу жұмыстары аумақта әлі жалғасып жатыр. Сонымен қатар, ол биыл Ақтөбе және Қарағанды облысына қару-жарақ, оқ-дәрілерді сақтайтын заманауи қойма салынатынын айтты. Бұл елдегі сақтау нысандарының жүктемесін азайтып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді дейді.
«Бұл екі заманауи сақтау нысанын салу барысында Қарулы Күштерінің нормативтік-құқықтық актілеріндегі қауіпсіздік нормалары ерекше ескеріледі және осы жылдың мамыр айында Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері бойынша заңға түзетулер енгізілді. Олар қауіпсіздік мәселесін күшейтеді және осы объектілерге жақын орналасқан халық пен өнеркәсіп кәсіпорындарын қорғауға бағытталған», – деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт ҚҰРМАНБАЕВ.
Айта кетейік, Арыстағы жарылыс бойынша әлі де сот процессі жүріп жатыр. Аталған қылмыстық істе 16 адам айыпталушы ретінде тергеліп жатыр. Апат салдарынан 1 тұрғын және 2 әскери қызметкер опат болған еді.