Мораторийді тағы да ұзарту арқылы ісіне адал кәсіпкерлер үшін мүмкіндік берілді - Мақсат Халық

09.12.2022 22:22

Кәсіпкерлікті қолдау керегін айтқан Мемлекет басшысы мораторийді тағы да ұзартты. Мақсат Халық кәсіпкерлерді салықтан босату мен тексеруге қатысты мораторийден кейін бюджетке 200 млрд теңге шығын келгенін айтады. Десе де «мораторийді тағы да ұзарту ісіне адал кәсіпкерлер үшін мүмкіндік» деп атап өтті.

«Кәсіпкерлер үшін тағы 1 жылға мораторий ұзарту тиімді. Бұл жақсы тенденция, жақсы үрдіс ретінде қарастыруымызға болады. Себебі, іскерлік белсенділік одан әрі жанданады және белгілі бір дәрежеде кәсіпкерлер үшін қолайлы бір мүмкіндік. Неге? Өйткені, мемлекет тарапынан қайта-қайта тексерулер орын алатын болса, бұл кәсіпкерлікті тежейді. Көп жағдайда іскерлік белсенділіктің дұрыс жұмыс жасамауына, көлеңкеге кетуіне жол беріп жататын жағдай көп. Сондықтан да жарияланып отырған мораторий кәсіпкерлер үшін нақты қолдау деп айтуға негіз бар. Енді нақты, бюджет 200  млрд көлемінде шығын көріп отыр. Бірақ, осы мораторий мерзімін пайдаланып өз кәсібін дамытып, аяғынан тұрғызып алуына жақсы мүмкіндік деп айтуға үлкен негіз бар. Бірден айту керек, негізінен бұл адал жұмыс істейтін кәсіпкерлерге арналған деп айтуымызға болады. Қазір біздің кәсіпкерлердің бәрі таза, адал деп айта алмаймыз. Ішінде салықтан да, басқадан да қашатын азаматтар бар. Олардың ар-ұяты біледі. Өз кәсібін адал, салығын төлеп отырған кәсіпкерлер үшін мораторийдің тағы бір жылға ұзартылуы жақсы мүмкіндік», – деді экономист Мақсат Халық.