Премьер-Министр Асқар Мамин мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруды тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жергілікті билікпен бірге азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсу фактілерінің жолын кесуді дер кезінде қамтамасыз етуі керек. Ал, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін бірқатар шараны қолға алуды ұсынды.
«Ауыл шаруашылығы министрлігіне біріншіден, шұғыл түрде ай сайын өзектендіре отырып, азық-түлік тауарларының өндірісі, импорты, экспорты, қолда бар қорлар мен тұтыну теңгерімінің болжамын әзірлеу керек. Бұл, бағаның өсуіне ықпал ету факторларына уақтылы талдау жүргізуге мүмкіндік береді. Екіншіден, субсидиялар алған кезде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыруға бағытталған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне нақты қарсы міндеттемелерін енгізуді жеделдету қажет», – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Сонымен қатар, министр картоп пен сәбіздің қымбаттауына не себеп болғанын түсіндірді. Айтуынша, биыл картопты төмен бағамен экспорттаудың салдарынан отандық өнім қорлары 3 есеге қысқарған. Сол себепті Иран мен Пәкістаннан 28 мың тонна қымбат картоп сатып алынған. Оның бағасы отандық картопқа қарағанда үш есе жоғары.