Алматыда қияр мен қызанақ бағасы шарықтап өскен

Алматыда қияр мен қызанақ бағасы шарықтап өскен
Есесіне картоп, пияз, сәбіз арзандады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Көктем келісімен еліміздің дүкендері мен базарларындағы көкөністер 20 пайызға, ал дәнді дақылдар 5 пайызға қымбаттаған. Ал, Алматыдағы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің құны қандай? Бұл сұрақтың жауабын Almaty.tv тілшісі іздеп көрді.

Төмендегі кестеге зер салсаңыз, соңғы айда қалада қияр, қызанақ, қырыққабат, пияз, күріш пен жұмыртқаның бағасы өскен. Ал, ұн өнімдері мен дәнді дақылдардың және еттің бағасы бірқалыпты. Сондай-ақ, кей өнімдердің бағасы керісінше төмендеген.

«Картоп, пияз, сәбіз арзандады. Себебі біз 750 миллион теңгеге 8 мың тоннадай қосымша қор сатып алған болатынбыз. Бұл сатып алынған өнімдер желтоқсан айының соңынан бастап, бүгінге дейін қаламыздағы сауда орындарында сатылуда. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қаладағы ірі сауда желілерімен келісімшарт жасасқан. Сол келісімшарттың аясында да баға арзандап жатыр», - дейді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы агроөнеркәсіп кешені бөлімінің бас маманы Қанат КӘКЕНҰЛЫ.

Алматыда әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын тұрақты ұстап тұру үшін бәсекелестік ортаны күшейту шаралары ұдайы жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері демалыс күндері 6 ауданда 120 жәрмеңке өткізілген. Оған Алматы облысының қалаға жақын орналасқан аудандары да қатысуда. Ал, кең көлемдегі жәрмеңкелер жеміс-жидектің пісіп-жетілетін маусымында, яғни, жаз-күз мезгілдерінде ұйымдастырылмақ.

Новости партнеров