Қала бюджетінің 23 млрд теңгеден астам үнемделген қаржысы әлеуметтік салаларға бөлінетін болды
Алматы бюджетінен үнемделген 23 млрд теңгеден астам қаржы әлеуметтік салаға жұмсалатын болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін мәслихат депутаттары қала бюджетін қайта қарап, қаражатты оңтайландырды. Бұған дейін кей жобалар мен мәдени-демалыс шараларды өткізуге есептеліп қойған қаржы қысқартылды. Енді ол ақша аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдауға берілмек. Сондай-ақ, әлеуметтің әлеуетін жақсартуға бөлінеді. Жоспарда денсаулық сақтау, білім және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын қаржыландыру бар. Қаржының басым бөлігі жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіруге, қаланы көріктендіруге бағытталады.
«1,3 млрд теңге сомаға жаңа әлеуметтік бастама «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасы, оның ішінде бастапқы жарнаны төлеуге 1 млн теңге сомаға тұрғын үй сертификаттары бөлінетін болады және «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкімен» бірге 50-50 шартымен 1 млрд теңге тұрғын үйді несиелеуге, сондай-ақ 5%-ға дейін коммуналдық қызметтер шығыстарының орнын толтыру бойынша тұрғын үй көмегін көрсетуге 87,5 млн теңге бөлінеді», – деді Алматы қаласы Стратегия және бюджет басқармасының басшысы Ілияс ӨСЕРОВ.
Қаражаттың 166 млн теңгесі көпбалалы аналарға көмек беретін орталықты құруға жаратылады. Ал 272 млннан астам теңге аз қамтылған отбасылардың балаларына стипендия ретінде беріледі. Енді көпбалалы жанұяның мектепте озат оқыған баласына ай сайын 5 мың теңге төленеді. Ал ол жоғарғы оқу орнының студенті болса 10 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады. Айта кетсек, мұндай стипендияны алу үшін көпбалалы отбасының балаларынан тек «бестік баға» ғана талап етілмейді. Қалада тұрақты тіркеуінің болуы да шарт. Осылайша, нақтыланған қала бюджеті 548 млрд теңгені құрап отыр. Оның ішінде, қолда бар нақты бюджет – 432 млрд теңге.
«131 млн теңге сомаға балабақшаларда аз қамтылған отбасыларынан шыққан балаларды тамақпен қамтамасыз етуге қарастырылған. Яғни, көпбалалы отбасылардың екінші баласына бастап балабақшаға тегін барады. Кәсіби дайындау және 16,7 мың теңге көлемінде шәкіртақы төлей отырып жұмыссыз аналарды оқыту, жастар тәжірибесінен өту, субсилиялай отырып жұмысқа орналастыру және 63 мың теңге ай сайынға еңбекақы төлеп, қоғамдық жұмыстарға тарту арқылы 1 млрд теңге сомаға аз қамтылған және көпбалалы отбасыларынан шыққан азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету», – деді Ілияс ӨСЕРОВ.