Зауыттың қуаттылығы 8 сағатта 2000 шаршы метр кеспе тас, 4000 шаршы метр бордюр шығарады
Бетон өнімдері Германиядан әкелінген құрал-жабдықта өндіріледі. Кәсіпорында барлығы автоматтандырылған, деп хабарлайды Алматы.тв тілшісі.
Техника бір жерден басқарылады. Мамандардың сөзінше, құрылыс материалын дайындауға бар болғаны 3 минут жұмсалады. Зауытта 30-ға жуық жұмысшы қызмет етеді. Оларды Германиядан арнайы келген білікті мамандар 2 ай оқытқан.
«Бетон арнайы тасымалдау құрылғысымен қорапқа құйылады. Мына жерде пішін алып, кейін арнайы қоймаға кептірілуге жіберіледі. Ол жерде 12 сағат сақталады. Қоймада 5 мың дана кеспе тасты сақтауға болады», – дейді зауыт операторы Илья ЛЕСНИКОВ.
Жалпы жобаға 2,5 миллиард теңге қаржы құйылған. Қосымша 30 жұмыс орны құрылған. Өнімдер жол құрылысы, қала көшелерін және ауланы абаттандыруға пайдаланылады. Зауыттың қуаттылығы 8 сағатта 2000 шаршы метр кеспе тас, 4000 шаршы метр бордюр шығарады.
«Бұл республика бойынша түстерді араластыру техникасын жасайтын жалғыз зауыт деп айта аламын. Өнімдерді тек Алматыда ғана емес, өзге өңірлерге де тасымалдауды көздеп отырмыз. Зауытта шығарған материалдарға кемінде 5 жыл кепілдік береміз», – дейді компания директоры Юнус ГАГИЕВ.