Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16%-ға көтерді

kapital.kz
kapital.kz
Бұл шешім теңгенің құнсыздануына жол бермей, қымбатшылықты тоқтатуды көздейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елдегі базалық мөлшерлеме 16% көтерілді. Жылдық деңгейді Ұлттық банк белгілеп отыр. Бұл шешім теңгенің құнсыздануына жол бермей, қымбатшылықты тоқтатуды көздейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Базалық мөлшерлеменің өсуі біздегі экономикалық ставкаларға, оның ішінде депозит, несие мен бағалы қағаздарға әсер етеді.  Демек, базалық көрсеткіш өссе, мемлекеттік қарыз тарту мөлшерлемесі де көтеріледі, несие қымбаттайды. Ұлттық банк жылдық деңгейді 16% арттыру арқылы инфляцияның жолын кесуді жоспарлап отыр

Мәселен, қазір Қазақстандағы құнсыздану деңгейі 17,7%-ға жеткен. Азық-түліктің бағасы – 22,2%, ақылы қызмет көрсету – 12,3% өсті деген сөз. Демек, қымбатшылық. Ұлттық банк бұған дейін жыл соңында инфляция 16-18% аралағында болады деген еді. Яғни, қазіргі көрсеткіш бұл болжамнан да асып кетіп отыр.

Баға өсіп, инфляция ырық бермей тұрғанда елдің жоғары деңгейлі банкі базалық мөлшерлемені осымен бесінші рет көтерді. Мәселен, жыл басындағы көрсеткіш 10,25% еді. Арадағы он айда мөлшерлеме 5,75 пайыз өскен.  Жалпы, мұндай шешім шығаруға ұлттық валютаның тез және тұрақты құнсыздануы себеп. Инфляцияны тежеу үшін қабылданған шара ішкі валюта нарығына тікелей әсер етеді. Бірақ, базалық мөлшерлеменің өзгеруі жеке тұлғаларға зиянын тигізбейді. Өйткені, қарапайым қазақстандықтарға берілетін несиенің орташа пайызы өзгеріссіз қалып отыр. Ал бизнеске берілетін қарыздардың пайызы базалық мөлшерлемеге тікелей байланысты.

Жаһандағы жағдайға да тоқтала кетсек, Египеттің орталық банкі базалық мөлшерлемесін 13,75% көтерді. Бұған дейінгі көрсеткіш осыдан 4 процентке аз еді. Наурыздан бері мұндағы фунт долларға шаққанда 27 пайыз құнсызданып отыр.

Ал Еуропаның Орталық Банкі негізгі мөлшерлемені тағы 75 базистік тармаққа көтеруі мүмкін. Нақты шешім бүгінгі жиында жарияланады. Жалпы, еуроаймақтағы 19 елдің жылдық инфляциясы 9,9 пайыз жеделдеген. Бұл осы елдердегі экономикалық ахуалдың күрделілігін, баға нарығындағы құбылмалылықты білдіреді.

Жоғарыда аталған елдерде де базалық мөлшерлеме инфляцияны тоқтату үшін көтеріліп отыр. Ал бұл мақсат орындалмаса, яғни базалық ставка құнсыздану процесін тоқтатпаса, онда ақшаны теңгемен сақтаудың мәні жоғалады. Бұдан шығар екі нәтиже бар, екеуі де пессимистік: не инфляция одан әрі өседі, не экономикада ұлттық валюта қысымға ұшырайды.

Новости партнеров