Көктемгі егін жұмыстарын жүргізуге өңірлерге 413 мың тонна дизель отыны бөлінген, бұл өткен жылғыдан 13 мың тоннаға көп. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпарат тілшісі.
«Энергетика министрлігімен бірлесіп, облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына бекіту кестесі мен мұнай өңдеу зауыттары ақпан айына белгіленген баға – тоннасына 222 мың теңге немесе литріне 184 теңге болып бекітілді», – деді Әбілхайыр Тамабек орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Қазіргі уақытта тиеп-жөнелту кестесіне сәйкес, өңірлік операторлар ақпан айындағы 79,6 мың тоннаға немесе жоспардың 98%-на толық дерлік төлем жасады.
55,6 мың тонна немесе 69 пайызы тиеп-жөнелтілді.
Сондай-ақ, министрлік өңірлерге дизель отынның тиеп-жөнелтілуіне күнделікті мониторинг жүргізеді.
Айта кетейік, биыл жалпы егіс алаңы 23,4 млн гектар, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 68,6 мың гектарға артық.
Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың егіс алаңдарын 117 мың гектарға, азықтық дақылдар алаңдарын – 36,5 мың гектарға және қант қызылшасы алаңдарын – 6,7 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр.