Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жалғасып жатыр. Бүгін парақорлықты түбі жеңеміз деген мамандар Алматы қаласының қоғамдық кеңесімен бірігіп отырыс өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жемқорлармен күресіп жүрген мамандар өткен жылды қорытындылап, биыл қай салаға басымдық беретіндерін айтты. Жалпы жемқорлық деректері жиі кездеседі деген 6 сала белгіленген. Олардың қатарына құрылыс және тұрғын үй, экономика және қаржы, экология, жер және әлеуметтік сала кіреді. Биыл мамандар экологияға аса мән беруді жоспарлап отыр.
“Биыл басым бағыт ретінде экология саласын алып отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, Алматы түтінге тұншығып, ауа ластануынан үшінші орында тұр. Бұл салада жемқорлық деректері тіркелді. Қазіргі таңда Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары міндетін уақытша атқарған шенеунікке қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Биыл қыс мезгілінің жылдағыдан қарағанда суық болуы құбырлардың тозғанын көрсетті. Мұнда да бірнеше қылмыстық іс тергеліп жатыр. Олар құбырларды салу кезінде сапасыз қызмет жасалған”, – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Асхат Оразхан.
Ал, былтыр басты назар экономика, тұрғын үй және жер телімдеріне аударылған. Мәселен, 2022-жылы жалпы құны 1,2 миллиард теңге болатын 16 гектар жер мемлекетке қайтарылды. Сондай-ақ, халықтың қаржысына қол салған бірнеше шенеунік ұсталды. Оның қатарында, Алматы қаласының ауыл шаруашылығы және спорт басқармаларының экс-басшылары бар. Сыбайлас жемқорлықпен күресетін мамандар қоғамдық кеңеспен бірігіп, тексерістерді ары қарай да жалғастырмақ.
“Басты мәселе – осы сыбайлас жемқорлыққа қарсы проблемаларды бірігіп, талқылап, ортаға салып, жалпы шешімін табу. Осы мақсатпен келіп тұрмыз.Көп проблемалар бар. Мына таможняның өзінде біраз мәселелер бар. Біздерге көптеген жер мәселелері әлі шешімін таппай отыр. Сот проблемалары бар дегендей. Осының бәрін айтып талқылайтын ниеттеміз”, – деді “Жаңару” сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыстың төрағасы Мелс Семғалиев.