Қазақстанда министрліктер 55 миллиард теңгені игермеген

16.05.2023 23:02

Үкімет басшысы негізгі капиталға 18,5 триллион теңге инвестиция тарту керек екенін айтты

Қазақстанның бірнеше министрлігі 4 айда 55 миллиард теңгені игере алмаған. Үкімет қаңтар-сәуір аралығында 7 триллион теңге шығыс жасаған екен. Осыған қарамастан, ел экономикасы 5 пайызға өсті, деп хабарлайы Almaty.tv тілшісі.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджеттен бөлінген қомақты қаражаттың қайда, қалай жұмсалғанын баяндады. Сандарды маржандай тізген шенеунік биыл қаңтар-сәуір аралығында мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,6 пайызға, ал республикалық бюджеттің шығыстары 99, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,6 процентке атқарылды деп отыр. 72 триллион теңге жұмсалмапты. Оның 16 миллиарды үнемделген болса, қалғаны игерілмеген. Берілген қаржыны Мәдениет және спорт, Ақпарат және қоғамдық даму, Экология, Цифрлық даму министрлігі игермеген. 

– Бюджетті игермеудің негізгі себептері: шарт жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу; нақты көрсетілген қызмет көлеміне төлем жүргізу; мемлекеттік сатып алу конкурстарының ұзақ өткізілуі; орындалған жұмыстардың актілері мен шот-фактуралардың уақытылы ұсынылмауы, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Ал Экономика министрі жыл басынан бері Қазақстан экономикасы 5 пайызға көтерілгенін айтты. Әлібек Қуантыровтың мәліметінше, негізгі капиталға салынған инвестициялар 18 процентке өскен. Өңірлер арасында Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында және БҚО-да экономикалық өсім байқалады.

– Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-наурыз аралығында сыртқы сауда тауар айналымы 13,4%-ке өсіп, 32,7 млрд долларды құрады. Экспорт 18,7 млрд доллар болды. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 8,1%-ке ұлғайып, 5,9 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты 14 млрд долларды құрады, – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.  

Қос министрдің баяндамасынан кейін Үкімет басшысы негізгі капиталға 18,5 триллион теңге инвестиция тарту керек екенін айтты. Шағын және орта бизнесте жұмыс орындарын құруға баса назар аударуды атап өткен Премьер-министр «жаңа өндірістерді ашуға және қолданыста барын кеңейтуге бағытталған бастамаларды белсенді түрде қолдаған жөн» дейді.

– Біздің мақсатымыз – биыл инфляцияны екі есеге төмендету. Ол үшін үйлесімді және нақты шұғыл шаралар қажет. Биылғы сәуірде инфляция 16,8%-ға дейін баяулады. Өңір әкімдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша сапалы жұмысты жалғастыруы керек, – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы сондай-ақ мемлекеттің экономикадағы үлесін жалпы ішкі өнімнің 14,4 пайызына дейін біртіндеп қысқарту керек екенін айтты. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, IT, туризм және басқа салаларда жоспарланған инвестициялық жобалар пулын іске асыруға күш салу қажет екенін айтты.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана