Жазда жаппай шетелде демалу теңгені әлсіретеді /сұхбат/

05.06.2019 23:04

Теңге әлі де әлсірейді

Соңғы күндері доллар бағамының біршама өсуін сарапшылар әлемдік нарықтағы мұнай бағасына байланысты деп түсіндірді. Қазір валюта айырбастау пунктерінде бір доллар 384-386 теңгеге сатылып жатыр. Расымен шетел валютасының соңғы аптада 4-5 теңгеге қымбаттауына мұнай бағасының әсері бар ма? Бұл сұраққа экономист Мақсат Халық жауап берді.

– Мақсат Әбілахатұлы, қайырлы кеш! Айтып өтсеңіз, доллардың қымбаттауына не себеп болды?

– Қазіргі таңда теңге мен доллардың курсына әсер етіп тұрған негізгі фактор бұл мұнай бағасы деп толық айтуға болады. Неге десеңіздер, соңғы бір аптада мұнайдың бағасы 13 пайызға құнсызданып кетті. Бір апта бұрын ғана 70 доллардың үстінде тұрған бір баррелі, қазір 60 долларға дейін құлады. Оған негізгі себеп болған жағдай – АҚШ-тың Энергетика министрлігінің бір апта бұрын жасаған мәлімдемесі. Өз кезегінде ол бүкіл дамушы елдерде, әсіресе мұнайлы елдерде бағаның құлдырауына әкеліп соғып отыр. Бір сөзбен айтқанда, бұл Ресейдің де Қазақстанның да валюталарына кері әсерін тигізді. Қазіргі таңда теңгеге әсер етіп отырған негізгі себеп осы. Алайда, нарықты қарап отырсақ, ұлттық банктің мәлімдемесінде де, басқа жерлерде де теңгенің осыдан сәл ғана бұрын тұрақты жағдайын атап өткен болатын. Көңіл көншітетін бір ғана фактор бар: төлем балансының бір тоқсандағы оң нәтижемен аяқталуы. Ол теңгенің осы бір тоқсан бойы тұрақты сақталуына өзінің септігін тигізіп келді деп айтуға болады.

– Түсінікті. Енді Қазақстанда доллар бағамы осы қарқынмен тағы да өсуі мүмкін бе? Күзге дейін көк қағаз құны қаншаға жетуі мүмкін?

– Нақты болжамдарға қатысты айтар болсақ, қазіргі таңда бір тенденцияны біз айқын байқадық. Еркін айналымға өткелі бері соңғы екі жыл бойы теңге бірінші жартыжылдықта күшейіп, соңғы алты айда әлсірейтінін байқадық. Демек, теңге әлі де әлсірейді.  Бірақ, ол қаншалықты төмендейтінін менің ашып айтқым кеп тұрған жоқ. Бірақ оған әсер ететін факторларды атап өтейін: бірінші – маусымдық фактор. Жаз келді дегенше, демалыс басталады дей беріңіз. Осы демалыста тұрғындарымыз шыны керек, өз отанымызда қалғысы келмейді, ақшасы барлар шетелге кетеді. Міне, осыдан келіп, көк қағазға деген сұраныс күрт артады. Соның алдарынан теңге құнсызданады. Ол аз болса, инфляция бар, саяси қысымдар бар, мәселен дәл қазір АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы, мұның да өз кезегінде доллар бағамына тікелей әсері бар.

Міне, мен сізге теңгеге кері әсерін тигізуі мүмкін деген болжамдарды айттым. Осы факторларға сүйене отырып, мен алдағы уақытта теңгенің белгілі дәрежеде тұрақсыз болатынын атап өткім келеді.

– Мақсат мырза, тұшымды жауабыңызға рахмет!