Айырбастау пункттерінде доллар бүгін түстен кейін 389 теңгеге көтерілді
Төл теңгенің құны тағы құбылды. Кеше ғана антирекордттық деңгейге жетіп 388-ге сатылған доллар бүгін түстен кейін 389-ға бір-ақ шықты. Жалпы соңғы бір екі күнде АҚШ валютасының біртіндеп көтерілуіне не түрткі? Экономистер қандай пікір айтады. Дәл қазір студиямен тікелей байланысқа қаржы сарапшысы Нұржан Зиябеков шығып отыр.
– Нұржан мырза, соңғы бірнеше күнде Америка ақшасы қымбаттады. Бұлай өсуі неге байланысты?
– Менің ойымша, теңгенің құнсыздануы Американың Ресейге қойған санкциясынан деп ойлаймын. Екіншіден, мұнай бағасы да құлдырады. Еліміз мұнай өндіретін, экспорттық мемлекет болғаннан кейін біздің экономикамыз мұнайға тәуелді. Сондықтан теңге осылай құлдырауда.
– Доллар бағасының шарықтап өсуі қандай қызмет түрлерінің қымбаттауына алып келу мүмкін?
– Теңгенің тұрақсызданғаны экономикаға, банк жүйесіне, қаржы жүйесі, қызмет көрсетулерге түрлі мемлекеттік органдарға болмаса да, халықтың табысына тікелей әсер етеді. Нақты секторға зиянын тигізуі мүмкін.
– Ал, алдағы уақытқа қандай болжам жасайсыз?
– Менің болжамым бойынша, теңге осы деңгейде қалады. Ары кетсе, 391-392 шамасында. 400-ге бармайтын сияқты. Неге десеңіз? 400 теңге – біздің экономикамызға өте ауыр. Ондай болған жағдайда, Ұлттық банк кіріседі.
– Жауабыңызға рахмет.