Жастардың ауыл шаруашылығына қатысты тың жобаларына қолдау көрсетіледі – сарапшылар

Жастардың ауыл шаруашылығына қатысты тың жобаларына қолдау көрсетіледі – сарапшылар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жастардан жаңа жоба. Болашақта бизнесмен болуды көздейтін жастар әуелі ауылшарауашылық саласына қатысты тың идеяларын ақ қағазға түсіре берсе болады. Сарапшылар дәл осы секторға қажетті жаңа жобаларға қаражат бөлінуі мүмкін екенін құлаққағыс етеді. Ал екі қолға бір күрек таппай жүрген жастарға кіші өндіріс ошақтарын ашу – олардың жалқаулығын жояды дейді сарапшылар. Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Жас та болса, өзіне би, өзіне қожа, кәсіпкер Қуаныш Сейсембаевтың бизнеспен айналысып жүргеніне үш жылдың жүзі болған. Айтуынша, үнемі сұранысты қажет ететін көлік дөңгелектерін саудалаумен айналысады. Бұл алып шаһарда автомобиль шиналарын базардан шыр айналып іздеп жүретіндер үшін емес, әр мунитын есепсіз жұмсамайтын тұрғындарға арнап интернет-дүкен ашқан. Маусымдық бизнесті бір басына аздық көрген ол маркетинг саласы арқылы да қаражат табуды қолға алған. Нарықтағы компаниялардың беделін көтеретін жарнама жұмыстарын әлеуметтік желі де жарнамалауға көмектеседі. Үнемі ізденісте жүретін ол болашақта екі бағыттың жолында  жаңылмай, аталған саланың нағыз іскер маманы болуды мақсат еткен.

«Елбасының қабылдауында болдық. Одан кейін өте қызу жұмыстар басталды. Жаңашыл жұмыс бастайын деген идея әрдайым ойда жүреді. Бірақ бұған дейін майда-шүйде жұмыстарды көрдік. Енді 1-2 жылда осы алған бағытты түбіне дейін жеткізсем деймін. Әрдайым мемлекетіміз дамыса екен, адамдар білімді бола түссе екен деген тілек бар. Бізден кейін өсіп келе жатқан жастарға, студенттер мен оқушыларға дұрыс бағыт көрсетсем екен деген ойым бар», – дейді кәсіпкер Қуаныш СЕЙСЕМБАЕВ.

Жаңа идея жастардың санасында. Осыны ескерген Елбасы оларды қолдау үшін үкіметке 2019-2021 жылдары аралығында 32 миллиард 1 миллион теңге бөлуді тапсырған еді. Осылайша «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша грант көлемі екі есеге ұлғаймақ. Енді 3 жылдың ішінде кем дегенде, 300 мыңға жуық жас бизнестің қыр-сырын меңгеріп шығуға мүмкіндік алмақ. Ал олардың төрттен бірі, яғни, 80 мыңы өз кәсібін бастап, ел экономикасына елеулі үлес қосады деп күтілуде. Сарапшылар қазірден бастап жастарға ІТ саласынан өзге, ауыл шаруашылығына қатысты тың идеяларын пысықтай берулеріне болады деп отыр.

«Ауылшаруашылығына шықса деп отырмын. Өйткені, онда жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік көп. Жасыл экономиканы көтерсек, жасыл энергетикаға назар аударсақ, қолға алар жоба көп-ақ. Шет елден жаңа технологияларды алып келіп, өзімізде өндіруге болады. 5 жылдың ішінде 80 пайызы стартап жалғасын таба алмауы мүмкін. Бірақ одан қорықпау керек. 10-нан біреуі шықса, ол да жақсы нәтиже», – деді экономикалық сарапшы Бекнұр ҚИСЫҚОВ.

Бұдан бөлек, шағын өндіріс ошақтарын ашуға мүмкіндік мол. Сырттан тонналап тасымалданып жатқан киім-кешектен бастап, ішер асымызға дейін дәл қазір шектеу қоюға мүмкін болмағынымен, алдағы 10 жылда өз өнімімізді өзіміз тұтынуға осы жастардың қазіргі таңдалған сәтті жобалары сеп болмақ дейді сарапшылар.  Бастысы, күні бүгін жұмыссыз жүрген еліміздегі 300 мың жасты еңбекке тартуға таптырмас тәсіл. Тек жастардың «ауырдың үсті, жеңілдің астымен» жүргісі келетін енжарлық ойы өзгергенде ғана, экономикаға серпіліс әкеле алмақ.

«Кішкентай өндірістерді көбейтсек. Үлгіні Түркиядан алуға болады. Онда кіші кәсіпкерлік қатты дамыған. Олар да әрбір дүкен, әрбір аулада кіші өндіріс жұмыс істейді. Киім болсын, аяқ киім болсын, шығарып жатады. 300 мыңның жартысы демей-ақ, 3/1-ін атқара білсек, соның өзі жетістік болмақ. Бір жағынан, жастардың психологиясын да өзгерту керек. Жастар жеңіл жұмыс істегісі келеді. Сол жағынан ойын өзгерту керек деп ойлаймын», – дейді Бекнұр ҚИСЫҚОВ.

Бір ғана Алматыда жыл сайын елу шақты «старт-ап» жобалар қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізіп жатады. Ол шамамен 3 миллион теңге төңірегіндегі сома. Ал өз ісін бастауға тың идеясы барлар, кәсіпті қалай жүргізу керек, бизнес-жоспарды сауатты жазуды үйрену үшін «Атамакен» кәсіпкерлік палатасына барып, толыққанды ақпарат ала алады.


Әйкерім Ердәулетқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров