Челлендж: 10 жылда Алматы қалай өзгерді?

Челлендж: 10 жылда Алматы қалай өзгерді?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде дүйім жұрт тағы бір ерекше челлендж бастады. Желі қолданушылары осыдан 10 жыл бұрын түскен суреттерін бүгінгі күнмен салыстырып, #10yearschallenge хэштегімен әлеуметтік желідегі парақшаларына орналастыруда. Желідегі бұл шақыруды Қазақстанның бетке-ұстар тұлғалары бастап, қарапайым халық қостады. Қазірдің өзінде әлем бойынша бұл бастаманы қолдаған 10 миллионнан астам адам бар, деп хабарлайды Almaty.tv

Бұл челленджді қоштамаған адам кемде-кем шығар. Себебі, мұқым ел «үндеу 10 жылдан кейін өз-өзіңе есеп беріп, алға ұмтылуға үгіттейтін пайдалы челлендж болды» деген пікірде.

Сонымен, Алматыда орын алған маңызды оқиғаларға тоқталсақ.

Қаланы 2009 жылдары Ахметжан Есімов басқарған. Дәл осы жылдан бастап Алматыда көптеген маңызды ғимараттар салына бастады. 2010 жылы Алматының визиттік картасына айналған «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешені бой көтерді. Әлем бойынша үздік саналатын теңдесі жоқ кешенде 2011 жылы Азия ойындары және 2017 жылы Универсиада өтті.

Артынша, 2016 жылы Алматының 1000 жылдық мерекесі мен қала күні қарсаңында 12 мың көрерменге шақталған «Алматы арена» мұз айдыны және 3 мың орынды «Халық арена» сарайы ашылды. Бұл нысандар да 28-ші Бүкіләлемдік Универсиадаға арнайы тұрғызылды. Кейін спорттық мекендер халықтың қолданысына берілді. Қазір онда түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Жарысқа 60 шақты елден қатысушылар келіп, спорттың 12 түрінен 86 медаль сарапқа салынды.

Соңғы 10 жылда Алматы қаласының аумағы 2 есеге артқан. 2009 жылы 34 мың гектарды құраса, қазір 70 мың жеткен. Ол кезде 6 аудан болса, кейін оның саны тағы екеуге артып, Алатау мен Наурызбай аудандары қосылды. Екі ауданның әкімдігі салынып, өз алдарына отау болды. Есте болса, қалаға қосылған аумақтар бұрын Алматы облысына тиеселі болған еді.

«Соңғы жылдары әкімдіктің күшімен облыс аумағынан қосылған елдімекендердің деңгейін Алматының орталығы жағындағы деңгейге көтеру жұмыстары жүргізілді. Бұл әрине, инженерлік құрылымдар, жолдар, бұрын ол жерлердің көбінде су да болмаған. Кей жерлерде көше жарығы болмаған. Оған қоса, әрине, көптеген тұрғын үй кешендері, мектептер, балабақшалар, қонақүйлер, сауда орталықтары салынды. Соның бәрін қазір қала халқы пайдаланып, өз игіліктеріне жаратып жатыр», – деді «Алматы Бас жоспар» ғылыми-зерттеу институты директорының кеңесшісі Жанат АЙТІЛЕУ.

2014 жылы Алматының келбетін көктен көрсететін басты символы – «Көктөбе» жөндеуге жабылды. Ал 2016 жылы жолаушыларға арналған аспалы жол қайта іске қосылды. Күрделі жөндеуден кейін қауіпсіздік мәселесі күшейтіліп, көкте тірейтін тіреуіш саны алтыға жетті. Франциядан әкелінген 20 шақты кабина қойылды. Ол 1 сағат ішінде 750 адамды тасымалдауға қауқарлы. 2016 жылға дейін іске жарап тұрған аспалы жол 1967 жылы салынған. Одан бөлек, Алматының «Балуан Шолақ» спорт сарайы, «Медеу» мұз айдыны және «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты қайта жөндеуден өтті.

«Алматы қаласына мен 2011 жылы оқуға келген едім. Сол аралықта өткен 7 жылда Алматы жылдан жылға көркейіп келеді», «Соңғы 10 жыл ішінде қала күн сайын құлпырып, жайнай түсуде. Адамдарға, жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасалуда. Бұрын жерасты жолдарымен әрең өтетін едік, қазір бәрі де ойдағыдай болды», «2000 жылдан бері қарай қалада өте көп өзгеріс болды. Жақсы үйлер салынып жатыр. Сондықтан ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер жетеді», – десті біз сөзге тартқан тұрғындар.

Алматылық фотограф Максим Золотухин – әлемдік деңгейдегі челленджден қалмай, 2009 жылы түсірген суреттерін әлеуметтік желіге жүктегендердің бірі. Сөзінше, қала 10 жылда адам танымастай өзгерген. Тәжірибесі мол суретші Алматыдағы көптеген нысандардың іргетасы қаланған уақыттан бастап фотоға түсірдім дейді. Себебі, фото қайталанбайтын қас-қағым сәттерді еске сақтап, тарихта қалатын жалғыз дүние деп біледі.


«Сәннен қалмай, мен де 2009 жылы түсірген суреттерімді ақтарып шықтым. Бір байқағаным, Алматы бір орында тұрмайды. Күн сайын құлпырып, әдемі болып келеді. 10 жыл бұрын бірқатар нысанның іргетасы енді ғана қалана бастаса, бүгінде олар көз тартатын әдемі орынға айналған. Мен үлкен масташбтағы нысандардың құрылысын көрдім. Күнделікті жүргенімізде ештеңеге мән бермейміз. Ғимараттардың нақты қашан салынғанын да ұмытып кетеміз. Челлендж өткенді еске салды», – деді фотограф Максим ЗОЛОТУХИН.

2017 жылы Алматының орталығы саналатын Панфилов көшесі адам танымастай өзгерді. Ылғи көліктер қаңтарылып тұратын Қабанбай көшесінен бастап, Жібек жолына дейінгі аралық жаяу жүргіншілерге арналып жасалды. Көше бойына субұрқақтар, шамдар, отырғыштар қойылды. Ал жерге гранитті тастар төселді. Артынша Арбат та жаңарды. Қонаев көшесінен бастап Абылай хан даңғылына дейін бір стильде жасалды. Ал осы жылы Жібек жолы көшесі жүргіншілерге арналып жасалмақ.

«Соңғы жылдары Алматы қаласының орталық көшелерінде, сонымен қатар, шеткі аудандардағы көшелерде жаяу жүргіншілердің пайдалануына ыңғайлы етіп қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Панфилов көшесі, Жібек жолы көшесі, Абай даңғылы мен Назарбаев даңғылында былтыр сондай қайта жаңғыру жұмыстары жүргізілді», – деді Жанат АЙТІЛЕУ.


Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров