Ақшаға қажетті қосалқы жабдықтар сатып алынады
Маңғыстау атом энергетикалық кешенін жөндеу жұмыстарына 5 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінетін болды. Бұған қатысты Үкімет тиісті қаулы қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аталған ақшаға қажетті қосалқы жабдықтар мен тораптар сатып алынады. Сонымен қатар, әбден тозығы жеткен бөлшектерді ауыстыру энергетикалық кешеннің жұмысын және өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Апаттық жағдайдағы құрамдас бөліктерді ауыстыру, электр стансаларының генерациялаушы жабдықтарын тоқтату және тұтынушылар үшін шектеулер енгізу тәуекелін барынша азайтады. Бұл жабдықтың техникалық жай-күйі мен жұмысқа қабілеттілігін сақтауға және жұмыс кезінде олардың сенімділігі мен қауіпсіздігін бақылауға мүмкіндік береді, – деді ҚР Премьер-министрінің баспасөз хатшысы Динара Әлімова.