Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде соңғы 3 айда азық-түлік бағасы 8 пайыз, ал азық-түлік емес өнімдердің құны 3 жарым пайыз өскен, деп хабарлайды Aimaty.tv тілшісі.
Тауарлар құнының шарықтауы елімізді ғана емес жалпы жаһанды жайлаған құбылыс. Тауар қымбаттаса, демек инфляция деңгейі де өсті деген сөз. Бағаның құнсыздануы ақпанда 8,7 пайыз еді, айналасы 1,5-2 айда инфляция 12 пайызға өсті. Қымбатшылыққа Ресей мен Украинадағы жағдай және доллар бағасының күрт өсіп кетуі де әсер етеді. Алайда қазір теңге тұрақталды. Бұл тенденцияға жұрт күмәнмен қарайтыны рас. Дегенмен сарапшылар егер геосаяси факторлар аяқ асты ушығып кетпесе төл валюта жыл соңына дейін осы қалпынан таймайды деп отыр. Өйткені теңге құлдырамауы үшін Ұлттық қордан миллиардтаған қаржы бөлінген.
«Бұл іштегі тапшылықты жояды, теңгеге қосымша күш болып келеді. Дегенмен сыртқы факторлар, әсіресе геосаяси жағдай қалай шиеленісіп, қалай өрбитіні түсініксіз. Және де Американың өзі доллардың кілттік пайыздық мөлшерлемесін қазір көтеріп жатыр. Осы процестің барлығы түптеп келген кезде дамушы елдердің инвесторларының Америкаға ағылуына алып келеді. Демек белігілі бір дәрежеде дамушы елдердің валютасы құнсызданады деген сөз», – деді экономист Мақсат Халық.
Бұқараның бай-қуатты болуы үшін Үкімет бюджеттен 197 млрд теңге жұмсамақ. Халықтың табысын көтеруден бөлек, биыл азық-түлік қауіпсіздігін қамтуға, өңірлерді дамытуға, экономиканы тұрақтандыруға, әскери күштерді дайындауға және басқа да шығындарды есептегенде 18 трлн теңге кетеді деп жоспарланыпты. Ал түсім көлемі 15 трлн теңге болады деп болжап отыр. Оның 1,6 трлн теңгесі Ұлттық қордан аударылмақ. Қанша қосымша ақша келіп жатқанымен қазынамыз қампаймайтын сыңайлы. Яғни шығын 2,7 трлн теңгеге көбейеді, ал кіріс 3,3 пайызға аз.
«Қалай атсақ та бюджетті қысқарту керек. Қазынадағы қаржыны қайта қарап, шығынды азайтуға келетін салаларды анықтау қажет. Бұл – бір. Екіншіден, ұлттық қорды қолдана берудің кесірінен келер ұрпақ көптеген мүмкіндіктен қағылады. Қор қаржысын пайдалануды азайту туралы 3 жылдан бері айтылып келеді. Алайда бәрі керісінше болып жатыр. Халық қарызға батып өмір сүріп жатыр», – деді Әлемдік экономика және саясат институтының кеңесшісі Мағбат Спанов.
Сондықтан да ғалымдар экономиканың нақты секторына, әсіресе мұнай-химия саласына мән беру керек деп санайды. Азық-түлік шығаруға керектінің бәрі осы мұнай-химия саласында жасалады. Мәселен бір ғана газ арқылы ауыл шаруашылығына қажетті түрлі тыңайтқыш өндіруге болады екен. Мұнай демекші, «ҚазМұнайГаздың» төрағасы Мағзұм Мырзағалиев бұзылған Каспий құбыр желісі консорциумын жөндеу бірер күнде аяқталады деді. Сөйтіп еліміз биылға жоспарланған 87 млн тонна мұнайды толық өндіруді қайта жалғастырмақ. Алдағы 2-3 айда Атыраудағы полипропилен шығаратын зауыт іске қосылмақ. Нәтижесінде, Қазақстан газ-химиялық өнімдерді экспорттаушы елге айналады деген сенім бар. Бұл Ұлттық қордан қосымша қаржы бөле бергеннен гөрі, өндірісті өрбітіп, ішкі экономиканы реттеуге мүмкіндік ашпақ.