Бюджетті жоспарлаудың біржылдық жүйесіне қайта көшу керек – Наталья Годунова

Almaty.tv
Almaty.tv
2021 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуын «Ақжол» партиясының мүшелері ғана қолдамады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бюджетті жоспарлаудың біржылдық жүйесіне қайта көшу керек. Осылай деген республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова 3 жылдық бюджет тек сөз жүзінде іске асатынын сынға алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның айтуыншы, жылдың ортасына келгенде шығыс қаражаты жетпей, ол қажеттілікті Ұлттық қордан жабуға тура келеді. Соңғы аптада Есеп комитетінің төрайымы Ұлттық қордың қаражаты мақсатсыз жұмсалып жатқанын айтып, алаңдаушылығын білдіріп жүр. Бұл жолы Парламенттің бірлескен отырысында былтыр Ұлттық қордан алынған қаражат түскен кірістен асып кеткенін айтты.

«Мемлекет басшысының республикалық бюджет Ұлттық қордың қаражатына арқа сүйемеуі керектігі туралы тапсырмасына қарамастан, 2021 жылы 4,5 трлн теңге жұмсалды. Ал бұл кезеңде Ұлттық қорға 4,3 трлн теңге ғана кіріс түскен», – деді Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова.

Ал Премьер-министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаевтың Ұлттық қордың шығысы кірісінен көп деген сынға жауап берді.

«2020 жылмен салыстырғанда өткен жылы мұнай секторынан Ұлттық қорға түскен тікелей салық түсімдерінің көлемі 1,8 есеге ұлғайды. Жаңа тәсілдерге сәйкес Ұлттық қордан бюджетке алынатын қаражат мұнай секторынан түсетін қор кірістерінен аспайтын болады. Сондай-ақ бюджеттің шығыстарына да шектеу қабылданды», – деді ҚР Премьер-министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаев

Шығыстарға шектеу қойылды дегенмен, Есеп комитетінің басшысы барлық мәселе үш жылға бюджетті жоспарлауда болып тұр дейді. Салдарынан жобалар аяқсыз қалып, нысандардың құрылысы бітпей қалып жатыр. Ал депутатар өткен жылы бюджетті игеру барысында кеткен кемшіліктерді жіпке тізді. Мәселен, Үкімет жүзеге асырып жатқан 10 ұлттық жобаның 43 пайызы қаржыландырылмай қалған.

«Есеп комитетінің тексеру қорытындысы бойынша өткен жылы квазимемлекеттік секторды басқаруда 2,3 трлн. теңге мөлшерінде заң бұзушылықтар анықталған. Президенттің жаңа мемлекеттік кәсіпорындарды құруға мораторий жариялағанына қарамастан, ондаған жаңа РМК пайда болды. Квазимемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіруде ірі заң бұзушылықтар анықталды», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында 2021 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуын «Ақжол» партиясының мүшелері ғана қолдамады. Ал қос палатаның өзге депутаттары Үкімет жұмысын бір сынап алып, соңында қазына қаражаты тиімді игерілген деген бағаларын берді.

Асылбек Тойбек «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров