Атырауда ешкі сүтінен балмұздақ жасайтын өндіріс ашылды

Атырауда ешкі сүтінен балмұздақ жасайтын өндіріс ашылды
Шаруа қожалығында әрқайсысы күніне 4-5 литр сүт беретін 500-ге жуық «Заанен» тұқымды ешкі бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мұндай балмұздақ қарапайым шаруа қожалығында әзірленеді. Майлылығы 12% болатын ванильді пломбир қазірдің өзінде тұрғындар арасында сұранысқа ие болып үлгерген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қожалық басшылығы жақын арада қарақат пен құлпынай дәмі бар балмұздақ шығаруды көздейді. Ерекше атап өтерлігі, тәтті тек табиғи өнімдерден жасалуда.

«Ешкі сүтінен дайындалған балмұздақ адам ағзасына өте пайдалы. Ол тек ванильді экстракт, кілегей және сүт секілді табиғи өнімдерден тұрады. Дәмін, Сербиядан әкелінген арнайы құрылғының көмегімен, қайнату әдісі арқылы аламыз», – деді кәсіпкер Тамила РОЗМЕТОВА.

Тамила Розметованың айтуынша, цехтың тәуліктік қуаттылығы 1000 балмұздақ. Ол тапсырыс бойынша дайындалады. Қазір тәттілер қаладағы ірі деген сауда орталықтарында сатылуда.

«Балмұздақтың нарықтағы бағасы – 250 теңге. Біздің өнімнің бағасын сатушылар бір қалыпта ұстаса екен.  Өйткені жергілікті өнім қарапайым халыққа қолжетімді болуы шарт», – деді кәсіпкер Тамила РОЗМЕТОВА.

Цехта бұдан бөлек, фруктозасы аз, диеталық балмұздақ шығару да жоспарланып отыр. Шаруа қожалығында 500-ге жуық «Заанен» тұқымды ешкі бар екен. Сербиядан арнайы әкелінген олардың әрқайсысы күніне 4-5 литр сүт береді.

Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров