Екі ай ішінде 4,5 миллионнан астам адам табысын жоғалтқаны үшін ең төменгі жалақы (42,5 мың теңге) мөлшерінде төлем алады
Қазақстанда дағдарысқа қарсы шараларға 5,9 трлн. теңге бөлінді. Ол туралы Қаржы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл қаражат жұмыспен қамту және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталады. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамту» Жол картасын қаржыландыруға 1 трлн теңге қарастырылған.
Осы қаражат шеңберінде өңірлерде инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады және 255 мың жұмыс орны құрылады. Табысынан айырылуына байланысты 4 жарым млн-нан астам адам 2 ай ішінде 42 мың 500 теңге мөлшерінде төлемдер алады.
Бұл мақсатқа шамамен 370 млрд. теңге қарастырылған. Елдегі тұрғын үй құрылысының көлемін 15 млн шаршы метрге дейін жеткізу үшін қосымша 390 млрд. теңге бөлінген. Ал, 313 млрд теңге әлеуметтік төлемдерді, яғни зейнетақылар, жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмекті 10 пайызға дейін қосымша индекстеуге, шәкірт ақыларды арттыруға және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша халықтың төлемдерін өтеуге жұмсалады.