Нан бағасы қымбаттады. Биыл 2020 жылдың қаңтар-қыркүйегімен салыстырғанда, нан бағасы 6,1%-ға өскен. Әсіресе Нұр-Сұлтанда 12,2%-ға, Солтүстік Қазақстанда 9,6%-ға және Ақмола облысында 9,5%-ға көтерілген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Баға өсуінің себебін Ауыл шаруашылығы министрлігі бидай, оны қайта өңдеу өнімдері мен ұн бағасы әлемдік конъюктураға байланысты болуымен түсіндіреді. Сонымен қатар биыл астық түсімі де аз. Дегенмен «әлеуметтік нан бағасының бірден өсуіне жол берілмейді» деп сендіреді Ауыл шаруашылығы министрі.
«Нан бағасын тұрақты ұстап отыру үшін іс-шаралар кешенін қабылдап жатырмыз. Ең алдымен, әлеуметтік нан дайындайтын барлық кәсіпорынды қажетті бидай, ұнмен қамтамасыз ету. Ол үшін біз заңнамаға өзгертулер енгізіп, азық-түлік корпорацияларының мемлекеттік резервтегі арзан бидайды әлеуметтік нан өндіру үшін ұн тартатын кәсіпорындарға жөнелту қарастырылып жатыр», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.