Алматыда барлық өнеркәсіп орны мен базарлар жұмыстарын қайта бастады

21.01.2022 23:25

Қала бойынша азық-түлік тауарларының тапшылығы байқалмайды

yandex.kz

Қала әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов бұл туралы Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мақсат Қиқымов қаңтар айының басындағы күрделі және қауіпті жағдайға қарамастан, қаланың бизнес-қоғамдастығына, өнеркәсіптік кәсіпорындарына, азық-түлік сауда объектілеріне өндіріс пен объектілердің жұмыс істеуінің үздіксіз үдерісі үшін алғысын білдірді.

«Бүгін Алматыда барлық 120 өнеркәсіптік кәсіпорын, 7,7 мың қызмет көрсету нысаны және 51 базар жұмысын қайта бастады», - деп хабарлады әкімнің орынбасары.

Сондай-ақ, оның айтуынша, 110 азық-түлік емес сауда объектілерінің 99-ы, 93 сауда-ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінің 87-і, 220 ЖҚС-ның 190-ы, 3 100 қоғамдық тамақтану объектілерінің 3068-і, сондай-ақ 975 дәріхана өз қызметін қайта жандандырды.

Азық-түлік сауда объектілері бойынша бүгінгі күні қалада 149-дан 145 (97,3%) жұмыс істейді, қалған төрт филиал (үшеуі – «Магнум», біреуі – «Интерфуд») 24 қаңтарға дейін қызметін қалпына келтіруді жоспарлап отыр.

«Алматы өндірушілері мен ҚР өңірлерінен азық-түлік жеткізудің барлық арналары қалпына келтірілді. Қала бойынша азық-түлік тауарларының тапшылығы байқалмайды», - деп атап өтті әкімнің орынбасары.