Мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 90 АҚШ доллар деңгейінде айқындалды. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жалпы бүгінгі Үкімет отырысында Республикалық бюджетті және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті нақтылау туралы заң жобалары мақұлданды. Экономика министрі биыл Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшері едәуір ұлғаятынын айтса, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2022 жылы республикалық бюджет шығыстары 2,7 трлн теңгеге ұлғайтылатынын жеткізді.
Экономиканың өсу болжамы төмендеді. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың сөзінше, биыл бұл көрсеткіш 3,9%-дан 2,1%-ға дейін азайған. Ал инфляция дәлізі 8-10% дейін көтеріледі деп болжап отыр. Сонымен қатар, министр 2022 жылы Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшері 1,6 трлн теңгеге, яғни 4 трлн теңгеге дейін артатынын жеткізді.
«Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 72,2 млрд АҚШ долларға дейін артады. Импорт 40,2 млрд АҚШ долларына жетті. Инфляция дәлізінде 8-10 пайызды анықтайды. Түзетілген макроэкономикалық болжамның негізгі бюджет кірістері бойынша болжам нақтыланды», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Ал қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2022 жылға арналған республикалық бюджет шығыстары 2,7 трлн теңгеге ұлғайтылады деді. Онымен қоса, ол президенттің тапсырмаларын іске асыруға қосымша 1,8 триллион теңге бағытталатынын алға тартты. Бірінші, халықтың табысын арттыру шараларын іске асыруға 197 миллиард теңге бөлінеді. Екінші, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары аясындағы шараларға 238 млрд теңге, ал өңірлерді дамытуға 476 млрд теңге жоспарланып отыр.
«Осы қаражат аясында жастарды қолдау, өз бизнесін ашу үшін микрокредит беру, жалға алынған тұрғын үй үшін төлемнің бір бөлігін субсидиялау және халықтың нақты табысын арттыруға бағытталған басқа да маңызды іс-шаралар қамтамасыз етіледі», – деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Ал Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қазақстандықтар тұзды тым көп, жеміс-жидекті өте аз тұтынады деді. Алкогольдік ішімдіктерді де тұтыну деңгейі жоғары елдерге жататынымызды айтты. Министр елімізде темекі шегетіндердің орташа жасы 17-18 екенін жеткізді.
«Сонымен 15 жастағы оқушылардың мінез-құлқын зерттеу нәтижелері бойынша жүргізілген зерттеулер. Жасөспірім ұлдардың арасында 10 пайыз. Қыздардың арасында 60 пайыз темекі шегетінін анықтады. Жасөспірімдердің арасында электронды темекіге деген әуестік өте жоғары. Осылайша ұлдардың арасында 15 жасында қызбыш темекіні тұтынушылар 14 пайыз. Қыздардың арасында 6 пайыз құрайды», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Үкімет отырысында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев «Қазақстанда бұқаралық спортты дамыту үшін не жасалады?» деген мәселеге жауап берді. Сөзінше, біріншіден спорттық инфрақұрылым қажет. Екіншіден, мемлекеттік спорттық тапсырысты реттеу керек. Сонымен қатар, министр 2021 жылдан бастап дене шынықтыру сабақтарына ұлттық спорт түрлері міндетті болып енгізілгенін айтты.