Үкімет Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірледі. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуы бойынша халықтың еңбек етуден түсетін табысының үлесі соңғы 10 жылда 10,8 пайыздық тармаққа төмендеген. Бағдарлама бойынша жұмысшы жастарды, халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыруға, бюджет жұмыскерлеріне лайықты жалақы төлеуге, кәсіпкерлік кірістің өсуін ынталандыруға басымдық беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Азаматтардың табысын арттыру мәселесі бір құжатпен ғана шектеліп қалмайды. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов барлық мемлекеттік ұйымның алдында ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету, еңбек өнімділігін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын құру міндеті тұр деді.
«Тиісті мемлекеттік органдар, «Самұрық-Қазына» қоры, әкімдіктер жұмыскерлер жалақысын ұлғайтуды, сондай-ақ бюджеттік қызметкерлердің орташа жалақысын арттыруды қамтамасыз етсін. Бесінші. Ұлттық экономика министрлігі халықтың табысын арттыру үшін негізгі капиталға инвестиция тарту және жұмыс орындарын ашуға негізделген KPI бойынша мемлекеттік органдардың, барлық деңгейдегі әкімдіктердің тиімділігі мен рейтингін бағалауды қамтамасыз етсін», - деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.
Алдымен Денсаулық, білім беру, мәдениет, ғылым салалары жұмыскерлерінің орташа жалақысы өседі. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың сөзінше, еңбек табысын арттыру бағыты аясында 22 іс-шара іске асырылады.
«Еңбек табысының өсуін қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, ғылым салалары жұмыскерлерінің орташа жалақысы көтеріледі. Өндіріс кәсіпорындары жұмыскерлерінің табысындағы теңгерімсіздіктерді жою, еңбек өнімділігін арттыру мақсатында өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын жаңғыртуды ынталандыру, өндірістік дағдыларды дамыту бойынша бағдарламада «Өмір жолдамасы» кадрларды алдын ала даярлау жобасын өңірлік деңгейде іске асыру сияқты іс- шаралар көзделген», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Білікті кадрлар даярлау мәселесіне Үкімет ерекше ден қоя бастады. Мектеп оқушылары, колледж түлектері арасында кәсіптік бағдар беру енгізіледі. Сұранысқа ие мамандықтар тізімі жыл сайын жаңартылып отырады. 1 мың инженер шетелдік зауаттарға тағылымдамаға жіберіледі. Жалпы елімізде 2025 жылға дейін 2 миллион жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Алайда көрші елдегі жағдайға байланысты ондағы кадрлар біздің елге ағылмай ма деген сұрақ туындайтыны ақиқат. Оған жауапты министр былай деп жауап берді.
«Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан бір экономикалық одаққа кіреді. Сондықтан еңбек ресурстары еш кедергісіз ауыса алады. Бұл – біртұтас еңбек нарығы. Қазір де, осы уақытқа дейін де олар бізге жұмыс істеуге емін-еркін келе алды. Еңбек күші жаппай келсе, біз не істей аламыз? Қабылдайтын іс-шарамыз – жұмыс орындарын мониторингілеу. Яғни, Жұмыспен қамту орталықтары арқылы ең алдымен, өзіміздің азаматтарды жұмысқа орналастырамыз», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов.
Үкімет қазір мигранттардың мәселесіне емес, өз азаматтарымызды жұмыспен қамтуға бас қатырып отыр. Экономиканың барлық саласында еңбекпен қамтуға және жұмысшы жастарды қолдауға басымдық бермекші. Мәселен, оқу бітіретін түлектерді жұмысқа орналастыру үшін университеттер жанынан Карьерлік орталықтар құрылады, ал бос жүрген жастарды жұмысқа тарту нақты шаралар арқылы іске асырылады деген жоспарлары бар.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан