Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 33 пайызға өсіп, 4 млрд доллардан асты. Бұл жөнінде Үкіметаралық комиссияның XII отырысында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың ауқымды мәселелерін талқылады. Екі ел әріптестігінің стратегиялық сипатына тоқталған ел Премьер-министрі 2021 жылы Қазақстаннан Түркияға экспорт 39%-ға өсіп, шамамен 3 млрд долларға жеткенін, ал Түркиядан Қазақстанға импорт 20,5%-ға артып, 1,1 млрд долларды құрағанын атап өтті.
«Қазіргідей күрделі кезеңде сауда-экономикалық байланыстарды әрі қарай дамытуға ерекше маңыз бердік. Біз бүгін 68 тармақтан тұратын іс-қимыл жоспарын қабылдадық. Онда сауда, өнеркәсіп, инвестиция, көлік пен транзит және басқа салалар қамтылды. Бүгінгі келіссөздердің нәтижесі қазіргідей күрделі кезеңде бірлігімізді нығайтуға және бауырлас халықтарымыздың мүддесіне қызмет ететіне сенімдімін», - деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.
Бүгінгі таңда түрік бизнесі Қазақстанда жалпы құны 5,5 млрд долларды құрайтын инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда. Өз кезегінде Түркия вице-президенті Фуат Октай Түркия Республикасы Қазақстанмен барлық бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға дайын екенін, мұның өзара тиімді әріптестікті дамытуға ықпал ететінін атап өтті.