Қазақстанда әр борышкердің банкке 900 мың теңге қарыз екені анықталды

24.04.2019 23:48

Ал, жалпы азаматтардың банк алдындағы қарызы 6 триллион теңгеден асып жығылады

Ел азаматтарының банк алдындағы қарызы 6 триллион теңгеден асып жығылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – әрбір борышкердің банктерге кем дегенде 900 мың теңгеден берешегі бар деген сөз. Бұлай болуы заңды, себебі бүгінде қандай да бір іс бастарда несие алу қалыпты құбылысқа айналған. Сондықтан сұранысқа қарай банктер де әр түрлі мақсатта несие беруге ынталы.

Финппром порталы мәлімдеуінше, елімізде осы жылдың ақпан айында жеке тұлғаларға берілген кредит көлемі 360 миллиард теңгені құраған. Бұл бір ай бұрынғы мөлшермен салыстырғанда 4 пайызға, ал бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 31 пайызға  артық. Аталған соманың басым бөлігін тұтынушылық несие құрайды екен. Одан кейінгі орындарда ипотека мен автонесие тұр. Яғни, халық көбіне бизнес бастау үшін емес, тұрмыстық қажеттіліктен қаржы институтынан пайызға ақша алуға жүгінген.

Теги: кредиты