Елімізде 95 мың бизнес жоба субсидияланды

24.08.2023 00:00

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары субсидия мен гранттар берілетін кезде ведомство қызметкерлері араласпайды

ашық дереккөзден

Қазақстанда 95 мың бизнес жобаға субсидия берілген. Мемлекеттен бөлінетін қолдаудың дәл осы түріне кәсіпкерлер көп қызығады екен. Экономика министрлігі мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 120 мыңға тарта жаңа жұмыс орны ашылып, 53 миллиард теңгенің өнімі шығарылған деп ауыз толтырып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Экономика министрлігінің департамент директоры Нұрбол Мейрамұлы кәсіпкерлерді көбіне субсидия қызықтырады дейді. Бұл жәрдемнің түрі екінші деңгейлі банктер бөлетін кредиттерді арзандату мақсатында беріледі. Яғни, сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін мемлекет субсидиялайды, қалғанын кәсіпкер төлейді. Бұл облыс орталықтарындағы жағдай. Ал ауылдық елдімекендерде талап сәл басқаша.

«Ауылдық елдімекендерге басымдық берілген. Олар 7 пайызын төлейді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы мен «Бизнес жол картасы» жүзеге асырылған сәттен бері кредиттік қоржыны шамамен 7 трлн теңге болатын 965 мың жоба субсидия түріндегі қолдауға ие болды», – деді ҚР ұлттық экономика министрлігі департаментінің директоры Нұрбол Жанабеков.

Кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдаудың неліктен дәл осы түріне қызығатыны белгілі болды. Бизнесмендер кәсібімді үлкейтемін немесе жаңадан бастаймын деп құжат жасайды екен де, анығында өздерінің ескі несиелерін жауып тастайды көрінеді. Мұндай пысықайлар мемлекеттік субсидия алатындардың 2 пайызын ғана құрайды.

«Екінші деңгейлі банктерден жоғары пайызбен ақшалай алған несиелерін мемлекеттен субсидия немесе грант алып, жауып тастайтын азаматтар бар. Бірақ екі бағыт бойынша алынған ақшаның сұрауы барын еске саламыз. Грант алсаңыз, қандай бағытқа жұмсағаныңыздың барлығын іс жүзінде көрсетуіңіз керек. Субсидия бойынша да жағдай сондай. Сондықтан ондай амалға бармаған абзал», – деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Астана қаласы бойынша өңірлік филиалының директоры Светлана Назарюк.

Грант демекші, кәсібіңді дөңгелетіп алып кету үшін берілетін қаражаттың бұл түрін де бизнеске емес, пайызы тым жоғары кредит жабуға жұмсап жіберетіндер кездесіпті. Мұндай факттер тіркелген жағдайда сот арқылы бүкіл сома қайтарылады екен. Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары субсидия мен гранттар берілетін кезде ведомство қызметкерлері араласпайды деп сендірді.  

«Субсидияға өтінім беру онлайн түрде жүргізіледі. Яғни, ол жерде тегінің атақты екеніне, жоғары лауазымды тұлғаның туысы екеніне қарамастан, кезекпен беріледі. Жүйе автоматтандырылған және бәрі айқын көрініп тұрады. Кезекке тіркелген соң, оны өзгерту мүмкін емес», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі департаментінің директоры Тұрар Мұхамеджанов.

Кәсіпкерлерге мемлекеттен берілетін гранттар мен субсидияларға биыл 224 миллиард теңге бөлінген. Ал 2018 жылдан бері 965 миллиард теңге кәсіпкерлерге көмек ретінде беріліпті. Көбіне бұл қолдауды Алматы мен Астана қалаларының және Алматы облысының кәсіпкерлері алып жатыр екен.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы