Қаржы министрі Қазақстан-Қытай шекарасындағы кеден бекеттерін тексерді

Almaty.tv
Almaty.tv
«Алтынкөл» және «Достық» стансаларының басшылары мен облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің төрағасы қызметінен босатылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Алтынкөл» және «Достық» стансаларының басшыларымен қатар, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің төрағасы да қызметінен босатылды. Бұл туралы елдің қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев шекарадағы кеден бекеттерін тексеру барысында хабарлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Құрғақ порт пен «Нұрлы жол», «Алтынкөл» өткізу бекеттерін бақылаған шенділер ондағы жүк тасымалдаушылармен де жеке кездесті.  

«Әрине, проблемалар бар. Біріншіден, бұл электрондық кезекке байланысты. Автокөлікпен жүк таситындардың күнделікті айтып жүрген мәселесі. Одан кейін, олардың құны. Алыпсатарлар алып келіп жатқан тауарлардың бағасын көтеріп жіберген. Сонымен қатар осы жердің мәселесін шешу керек», - деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

11 қаңтарда ел президенті кедендегі былықтарды жоюды тапсырған еді. Әсіресе көліктер тексерілмейтін, салық пен баж төленбейтін Қазақстан-Қытай шекарасына баса назар аударуға шақырған. Енді Мемлекеттік кірістер комитеті тексеріс үшін арнайы топ құрылғанын, оның құрамына прокуратура мен Қаржы министрлігі мамандарының кіретінін жеткізді.  

«Біз сол жұмыстарды үйлестіре білсек, жақын арада тауар айналымын жоғарылатып, одан түсетін кедендік баж салығын бюджетке көбейте аламыз. Осындай үлкен жоспарлар құрып отырмыз», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Новости партнеров