Мұнайдың әлемдік бағасы төмендеді. Бұл туралы мұнай экспорттаушы елдер ұйымы мәлімдеп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сарапшылардың айтуынша, сәуір айынан бастап Brent маркалы мұнайдың бағасы бір баррель үшін 103,34 долларға жетті. Мұнай бағасының өсуі жаһандық экономиканың құлдырауы, сәйкесінше, энергетикалық ресурстарға сұраныстың төмендеуіне байланысты болып отыр.
«Тамыздың 3 күні әлемде ОПЕК плюс елдерінің жиналысы өтеді. Осы орайда белгілі бір дәрежеде мұнай бағасының қазір түсе бастағанын байқап отырмыз. Бір ай бұрын Джо Байден Американың президенті корольдікке барып, осы мұнайды реттеу, оның әлемге экспорттау көлемін арттыру бойынша өзінің ұсынысын айтқан болатын. Араға біраз уақыт салып, корольдікте осы мәселені қолға алуды жөн көрген сияқты. Бұл бірінші мәселе, екінші мәселе осы жақын арада қытай мемлекетінің PMI көрсеткіші дейді, іскерлік белсенділік көрсеткішінің индексі шықты. Ол бойынша белгілі бір дәрежеде іскерлік белсенділік Қытайда азайған екен. Өткен айдың қорытындысы бойынша, 51,7% пунктіден 50,4% пунктіге дейін азайған. Нарықта мұнайға деген сұраныс жоғары емес, ол азая бастайды дегенді білдіреді. Осы негізгі екі себепке байланысты мұнайдың бағасы қазір арзандай бастады», – деді экономист Мақсат Халық.
Ал мұнай бағасының Қазақстан экономикасына әсері қандай?
«Енді Қазақстанға оның қандай әсері болуы мүмкін деген мәселеге тоқталатын болсақ, әрине, әзірге нақты 100% бірден шешім шығып тұрған жоқ, ОПЕК плюс келісімінен кейін мұнай өндіру көлемі қазіргі уақытта ұлғайтылады деген нақты шешім жоқ. Сарапшылардың айтуынша, деңгей сақталуы мүмкін. Кейбір сарапшылар ұлғайту мәселесі алға қойылады дейді. Менің ойымша, осы мәселе алға қойылатын сияқты, өйткені бүкіл Еуропада қазіргі кезде осы энергетикалық ресурсқа деген тапшылық байқалады. Оның орнын белгілі бір өндіріс көлемі толтырмаса, бұл жағдай одан ары қиынға алып келуі мүмкін. Сондықтан да мұнай өндіру көлемі ұлғайтылып, соның нәтижесінде Brent маркалы мұнайдың бағасыда біраз төмендеуі мүмкін. Ал ол Қазақстанға қалай әсерін тигізеді? Сөз жоқ, әрине, мұнайдың бағасының жоғары болып тұрғаны ол бізге тиімді, мұнай бағасы төмендесе ол Қазақстан экономикасына тиімсіз. Ол біздің теңгеміздің құнсыздануына әсерін тигізеді. Ол экспорттық әлеуетімізді белгілі бір дәрежеден нашарлатуы мүмкін және бюджет кірісінің бөлігінің азаюына әкеліп соқтырады», – деді экономист Мақсат Халық.
Каспий құбыры консорциумының төңірегінде көп шу болғаны белгілі. Сарапшының айтуынша, Қазақстан мұнайын биыл тиісті дәрежеде экспорттай алмады.
«2 мәрте штраф салынды, айыппұл және де біраз уақытқа белгілі бір дәрежеде дауылдың әсерінен біраз бөлігі істен шыққан жағдайлар болды. Осы жылда Қазақстан өз мұнайын тиісті дәрежеде шығарып үлгермеді деп айтуға да болады. Сондықтан да мұнай бағасының арзандауы біз үшін тиімсіз болып тұр», – деді Мақсат Халық.