Мақсат Халық сондай-ақ, Ресейге салынған санкциялардың Қазақстан экономикасына оң әсер ететін жайттарды түсіндірді
Теңге құны тағы құлдырады. Бүгін еліміздің айырбастау пунктерінде бір доллар бағасы 520-525 теңгеге сатылып жатыр. Бірақ бұған қарамастан халықаралық Standart and Poors рейтингтік компаниясы Қазақстанның экономикасын тұрақты деп бағалады. Шетелдік сарапшылар ұлттық валютаның бұлай құбылуын екіншіжартыжылдықта тоқтайды деп болжап отыр. Осы орайда елімізге белгілі экономист Мақсат Халық пікір білдірген еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Санкциялардың салдары біздің теңгемізге қатты әсерін тигізіп жатыр. Оның Қазақстан халқына келтірер зияны да бар. Себебі үлкен девальвациялық жағдайлар орын алып жатса қымбатшылыққа да әсері болады. Сырттан келетін тауарлар бірден қымбаттайды. Сырттан шикізат алып келіп, бізде дайын өнімді құрастыратын компаниялар өздерінің өнімінің үстіне тағы да баға қосады. Бұл белгілі дәрежеде қымбатшылықты туғызады. Төлем қабілеттілігіне әсер етеді. Азаматтарымыздың төлем қабілеті төмендегеннен кейін, табыс та біраз жұтайды. Бұл – ақиқат.
Бірақ таяқтың екі ұшы бар деген. Сондықтан бұл санкциялардың Қазақстан үшін де пайдалы тұстары бар. Сол мүмкіндіктерді жіберіп алмауымыз керек. Бірінші кезекте ол мұнай-газ саласына қатысты. Егер де Ресейді толығымен эмбарго жариялап жатса онда Қазақстан өз мұнайын шетелге сатуға мүмкіндік алады. Мұнай нарығындағы бағалардың жақсы жағдайы бұл біздің ұлттық қорымыздың кірістілігін қосымша тағы 2 трлн теңгеге арттырады.
Азаматтарымыз үшін ең маңыздысы, осындай қиын жағдайлар әлемде болып жатқан кезде сабырлық сақтап, депрессияға, стресске берілмей, мүмкіндігінше тұнық ойда болу керек. Себебі ой тұнық болмаса, сіз эмоцияда болсаңыз, қандай да бір қате шешімдерге ұрынасыз. Әсіресе қаржылық тақырыпқа келгенде, теңгемді қалай сақтаймын, доллар аламын ба, алмаймын ба. Осындай кезде қатты эмоцияға берілмеу керек. Қаржыгердің заңы бар – бәрі сатып жатқан кезде, сіз өз мүлкіңізді сатпа, бәрі сатып алып жатқан кезде, сіз сатып алмаңыз. Екі жағдайда да ұтылып қаласыз. Сондықтан да осының жағдайына қарау керек. Долларды бәрі сатып алуға жүгіріп жатыр ма, сіз бармаңыз. Бәрі өзінің үйін, көлігін сатып жатыр ма, сіз сатпаңыз. Қай жерде болсын, көпшілік жағдай орын алғанда ол жерде спекуляция, халықты кішкене алдау болады. Өйткені әркім өзінің табысын табуға тырысады. Сондықтан сабырлықпен, салмақтылықпен шешім қабылдау керек», - деді Мақсат Халық.
Осылай деген экономист Standard and Poors халықаралық компаниясының «Қазақстанның несиелік рейтингісі тұрақты, теңге екінші жартыжылдықта күшейіп, тұрақталады» деген болжамы туралы ойын білдірді.
«Standart and Poors компаниясы – әлемдегі ең үздік рейтингтік компаниялардың бірі. Соның ішінде. Standart and Poors, Fitch Ratings, Moody's деген үшеуі бар. Жақында Fitch Ratings, Moody's-тің сараптамалық рейтингін күтеміз. Бірақ Standart and Poors Қазақстанның несиелік рейтингісін үш В (ВВВ) деңгейінде бағалауы тұрақты жағдай. Сондықтан алаңдайтын ештеңе жоқ. Ертең Қазақстан ақырын-ақырын өсімге қарай бет алады деген сөз. Бұл жерде бір маңызды мәселені айтқым келеді. Дәл осы компания Ресейдің несиелік рейтингісін 3 С (-ССС) дәрежеге дейін түсіріп тастады. Ондай жағдайда Ресейден инвестиция кетеді деген сөз. Бүкіл инвесторлар Ресейдің құнды қағаздарына, облигацияларына ақша салған инвесторлар кетеді деген сөз. Осы тұрғыдан келгенде Орта Азия шеңберінде біздің рейтингіміз көш бастап тұр. Бұл жағынан тағы бір мүмкіндік ретінде қарау керек. Яғни, Қазақстанның инвестициялық, несиелік рейтингтері жақсарып келе жатыр», - деді М. Халық.