БЖЗҚ: Ел арасында жаңа тенденция қалыптасады

21.01.2021 00:27

Көпшілік зейнетақы қорындағы ақшасын тексеріп, жететіні қаржыны қалай, қайда қолданатынын білмей әлек

Көпшілік зейнетақы қорындағы ақшасын тексеріп, жететіні қаржыны қалай, қайда қолданатынын білмей әлек. Ал, кейбір мемлекеттік мекемелер оның қалай жүзеге асатынын әлі толыққанды білмей отыр. Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық зейнетақы жүйесі халық мүддесіне сай болу керектігін қадап айтқан еді. Осы орайда зейнетақы қорынан ақша алу ережелері қандай? Бұл реформа тиісті деңгейде жүзеге асып жатыр ма? Almaty.tv тілшісінің  бейнематериалына назар салайық.

Биылдан бастап қазақстандықтар зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін үй алу не жөндеу жұмыстарына, ем-дом үшін, немесе қаржы ұйымдарының басқаруына бере алады. Бұл мүмкіндікті пайдалану үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салым мөлшері жеткілікті шектен асқан болуы тиіс. Ал қордағы соманы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ресми сайтынан білуге болады. Қаражат жеткілікті болған жағдайда, «Отбасы банкінен» шот ашып, қажетті құжаттарды жинау кіресіз.

«Отбасы банкке» салымшылар өздері барып өтініш береді. Содан кейін барып бізге хабарлама келеді электронды түрде. Сол хабарламаға байланысты біз шотындағы қаржысын арнайы есепшотқа аударамыз», – деді БЖЗҚ қашықтан қызмет көрсету департаментінің директоры Қайрат Сейсенбекұлы.

Айта кету керек, қордан аударылған ақша тек әуелде көрсетілген мақсатқа ғана жұмсалуы керек. Олай болмаған жағдайда ақша қорға кері қайтарылады. Сондай-ақ, бұл қаржы 45 жұмыс күні ішінде пайдаланылуы тиіс. Ал экономистер осы реформадан соң ел арасында жаңа тенденция қалыптасады деп болжап отыр.

«Шектік мерзіміне дейін жинасаңыз, сіз де үстіндегі қаражатыңызды өз қажеттілігіңізге пайдалануға мүмкіндігіңіз бар. Демек, азаматтарда енді ой туады. Бұрында аудармаймын, аудармай-ақ қойсам болады ғой, оданша маған конвертке салып беріңіз ақшаны деген ұсыныстар көп болды. Қазір енді аударыңыз, тіпті мен өзім ерікті түрде аударуға дайынмын деген сияқты осындай тенденция болады деген үміттеміз», – деді экономист Мақсат Халық.

Айта кету керек, бұл реформа бойынша барлығы 720 мыңнан астам қазақстандық өз қаражатын ала алады. Бүгінде республика бойынша 51 мыңы «Отбасы банкінен» шот ашып үлгерген.

Жанар Ғаниқызы «Алматы» телеарнасы

Графика-1:

Зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жеткіліктілік шегі:

20 жас 1 710 000

25 жас 2 090 000

30 жас 2 500 000

40 жас  3 420 000

50 жас 4 470 000

55 жас 5 060 000

59 және одан жоғары 5  560 000