Ауыл – ел бесігі: 2025 жылы өңірлерге республикалық бюджеттен 7,4 трлн теңге бөлінеді

28.08.2024 00:28

Үкімет мүшелері алдағы 3 жылға арналған республикалық бюджет жобасын бекітті

Almaty.tv

2025 жылы Қазақстанның өңірлерін қолдауға республикалық бюджеттен 7 триллион 400 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражат халықты сумен, газбен қамтуға және жылу желілерін ауыстыруға жұмсалады. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 18 көлік инфрақұрылымы объектісін, 33 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және 91 әлеуметтік нысан салу көзделген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үкімет мүшелері алдағы 3 жылға арналған республикалық бюджет жобасын қарап, бірауыздан мақұлдады. Болжам бойынша, 2025 жылы ел қазынасының кірісі 15,6 триллион теңге болады. 2026 жылы 16,7 триллион болса, 2027жылы 18,2 триллион теңгеге жетеді. Ал келер жылдың шығыс көлемі 25,8 триллион теңге деп болжап отыр.

– 2025 жылы 3 250 млрд теңге көлеміндегі нысаналы трансферт әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға, сондай-ақ өңірлік өсу деңгейін қолдауға бағытталады, – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

2025 жылы зейнетақының орташа мөлшері 96 мың 562 теңге болады. Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, келесі жылғы бюджет әлеуметтік салаларға көбірек бағытталмақ. Бұған кететін ақша да биылмен салыстырғанда 794 миллиард теңгеге ұлғайтылған. Сонымен қатар 2025 жылы оқу гранттарының саны 2,5 мың орынға артып, 78 мыңға жетпек. Ал студенттердің шәкіртақысы да көтеріледі.

– Жоғарғы оқу орындарының студенттеріне шәкіртақысы мөлшерін орта есеппен 15-20 пайызға ұлғаяды. Нәтижесінде шәкіртақының орташа мөлшері бакалавриат студенттері үшін - 52 372 теңге, магистратура үшін 117 098 теңге болады. Төртіншіден, халық санының өсуі мен науқастар санының ұлғаюын ескере отырып, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен МӘМС аясында халықты медициналық көмекпен қамтуды ұлғайту көзделген, – деді ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев.

Келесі жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі болжам бойынша 5,6 пайызды құрайды. Ішкі өнімнің 5 жылдағы орташа жылдық өсімі 5,4 пайызды көрсетпек. Қаржы министрі Мәди Тәкиев 2025-те Ұлттық қордан 2 триллион теңге шамасында кепілдендірілген трансферт тарту жоспарланғанын айтты. н Үкімет мүшелері заң жобалары бойынша қаулыны бірауыздан мақұлдады. Құжаттар Парламенттің қарауына енгізіледі.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: АЭС-тің құрылысына қанша шетелдік маман қатысуы мүмкін