Қазақстанда көмір экспорты қысқарды

29.08.2023 00:35

Жеті айдың ішінде елде 61,7 млн тонна қатты отын өндірілген

egemen.kz

Қазақстанда көмір экспорты қысқарды. Жеті айдың ішінде елде 61,7 млн тонна қатты отын өндірілген. Оның 3 млн 900 мыңға жуығы коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке берілген. Биыл қыста көмірдің басқа елдерге шығарылуы қатаң қадағаланбақ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өткен жылу маусымындағыдай тапшылық болмас үшін 6 ай мерзімге автомобиль көлігімен шығаруға тыйым салынған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мамандары «шектеу шаралары әлі де жалғасады» деді. Отын өндіруге келісімшарты бар кәсіпорындар мен олардың үлестес сауда компанияларына тасымалдау құқығы беріледі.

– Алдағы жылыту маусымына халықты көмірмен алдын ала қамтамасыз ету мақсатында арнайы жол картасы әзірленді. Аталған құжат өңірлер мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдігіне жіберілді. Бүгінде бюджеттік ұйымдар мен халық үшін қатты отынды жеткізу жұмыстары жалғасып жатыр. Өз кезегінде «Қазақстан темір жолы» компаниясы көмір тасымалдауға арналған жылжымалы құраммен тұрақты қамтамасыз етіп келеді. Жоспарға сәйкес, шамамен 9,1 млн тонна көмір тұтынуы мүмкін, – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов.