Бүгінде елімізде атом өнеркәсібі мен ғылым саласында 24 мыңға жуық адам еңбек етеді
Атом электр стансасын салудың артықшылықтары басым. Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстанда электр энергиясы саласындағы алдағы тапшылықты ескеріп, көмір генерациясына тәуелділікті азайту қажет деп санайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Министрдің айтуынша, бүгінде өндірістік қуат төмендеген. Сондықтан елдегі атом энергетикасын дамытудың зор әлеуетін ескеріп, атом электр стансасын салу неғұрлым дұрыс шешім дейді ол. Бүгінде елімізде атом өнеркәсібі мен ғылым саласында 24 мыңға жуық адам еңбек етеді. Осы ретте, министр Ресеймен келісімшартқа атом электр стансасын салу үшін емес, кадрларды оқыту үшін ғана қол қойылғанын айтты.
«Қазақстан табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орын алады. Ядролық отын компоненттерінен өз өндірісіміз бар. Елімізде уранды изотопты байыту жөніндегі қызметтерге қол жеткізе аламыз. Былтыр Үлбі металлургия зауытының базасында Атом электр стансалары үшін дайын ядролық отын шығаратын зауыт ашылды. Олар бүгінде Қытайда пайдаланылып немесе салынып жатыр. Сондай-ақ ядролық отынның белсенді өндірісі басталды», - деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.
Сонымен қатар, министр заңсыз майнерлерге тыйым салу арқылы Ресейден электр импорттау мәселесін шешуге болатынын айтады. Энергетика министрлігі ұсынып отырған жоспар іске асса, Ресейден электр қуатын импорттау 2026 жылға қарай тоқтауы мүмкін деген болжамдар бар.
«Егер заңсыз қосылған майнерлерді алып тастасақ, әсіресе, Ресейден электр қуатын алмауға да болатын еді, негізі. Қазір біз сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Әрине, электр генерациясын дамытсақ, жоспар бойынша 2026 жылға дейін қосымша станцияны іске қоссақ, бізге ешқандай импорттың, әсіресе Ресей Федерациясынан алудың ешқандай қажеті болмайды», - деді Болат Ақшолақов.