Сарапшылардың айтуынша, отандық өнімдердің аспан асты еліне экспортталуы Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытады
«Арзаншылық, дамыған технология, әлемдік нарықтағы бәсекелестік». Экономист мамандардың айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық келісімдері жүзеге асса, елімізді осындай оң өзгеріс күтіп тұр. Олардың айтуынша, отандық өнімдердің аспан асты еліне экспортталуы Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытады. Ал логистика мен көлік саласына қатысты қабылданған құжаттар еліміздің транзиттік әлеуетін едәуір арттырып, халықаралық аренада мүмкіндігі мол мемлекет болуымызға септеседі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл еліміз ҚХР-мен ынтымақтастықты арттыруға аса мән беріп отыр. Бұл мақсатта бірқатар келісім мен құжатқа қол қойылды. «Екі тараптың визасыз режимге өтуі, отандық өнімдерді аспан асты еліне экспорттау - Қазақстанның сауда-саттық саласында әлемдік аренаға шығуына мүмкіндік беріп, қымбатшылық қамытын шешуге септеседі» дейді сарапшылар.
– Қазақстан – импортқа тәуелді мемлекет. Біздегі ішкі нарықтағы тауарлардың басым бөлігі Қытай, Ресей, Өзбекстан мемлекеттеріне тиесілі. Бізде автокөлік нарығы да қатты дамымаған. Технологиялық дүниелер бар, техника мәселелері бар. Енді Қытай бізге келіп, жаңа өнім шығару мәселелері қарастырылады. Келісімшарттар жүзеге асса, өнімнің көлемі көбейеді. Нәтижесінде ішкі нарықта бәсекелестік пайда болады, белгілі бір позиция бойынша бағаның төмендеуі байқалады, – деді экономист Мақсат Сералы.
Ел экономикасының қозғаушы күштерінің бірі - шағын және орта бизнес. Ал жүзеге асып жатқан бастамалар арқылы еліміздің кәсіпкерлік саласын дамытуға мүмкіндік тумақ. Өйткені Қытай – экономикасы озық мемлекеттердің бірі. Көрші елдің қалталы азаматтары елімізде заманауи зауыттар салып, жаңа технологияларын әкелсе, ішкі нарықта өнімді өзіміздің өндіруімізге жол ашылмақ.
– Біз ол жақпен келісімшарт жасаған кезде оларды бір белгілі мерзімге қою керек. Өйткені шикізат бізден, өндіріс олардан болады. Олар келіп бізге өндіріс орындарын салады. Сол салынған өндіріс орны пайдалануға берілгеннен кейін 5 жыл немесе 10 жыл мерзім ішінде ол Қазақстанда қалуы керек, – деді экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Ғалымжан Керімбек.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қытайға сапарында серіктес мемлекеттерге логистика саласына қатысты бірқатар ұсыныс жасаған еді. Тауарларды жедел жеткізу үшін қазақстандық қоймаларды пайдаланып, Транскаспий көлік дәлізін дамыту, теңіз порттарының мүмкіндігін арттырып, кемелерді бірлесіп шығару бойынша өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырды. Экономистер мұның орынды бастама екенін алға тартып отыр. Өйткені бұл арқылы еліміздің транзиттік әлеуеті артады.
– 22 миллиард долларға жуық инвестициялық жобалар қарастырылған. Бұл Қазақстан нарығына келетін үлкен инвестиция көлемі болып есептеледі. Бұл инвестициялар ауыл шаруашылығы, білім беру, технология салаларын белгілі бір деңгейде дамытуға көмектеседі. Сондай-ақ нарықта жаңа ойыншылардың, жаңа инвесторлардың пайда болуына септігін тигізеді. Ішкі нарықты міндетті түрде жұмыспен қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, салықтық өлшемдерді көбейтуге мүмкіндік беретіні айдан анық, – деді Мақсат Сералы.
Екіжақты келісім аясында отандық кәсіпкерлер өз өнімдерін халықаралық саудаға шығаруға мүмкіндік алып отыр. Ол үшін соя, мақсары, бұршақ, күнбағыс, зығыр секілді өнімдерге қатысты санитариялық, фитосанитариялық және инспекциялық талаптар өзгертілмек. Бұл бизнес өкілдерінің кәсібін шекарадан тыс дөңгелетуіне, салық төлемдерінің көбеюіне жол ашады.
Аяулым Көлжігіт, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы