Қаңтар айы бойынша республикалық бюджеттің 65 миллиард теңгесі игерілмеген
Қаңтар айы бойынша республикалық бюджеттің 65 миллиард теңгесі игерілмеген. Ол туралы бүгін Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты. Оның сөзінше, неғұрлым ірі сомалар Қаржы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Төтенше жағдайлар, Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктерінде қалып қойған. Негізгі себептері ретінде төлем жөніндегі құжаттарды ұзақ келісу, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, шарттарды қазынашылық органдарына тіркеуге кеш ұсыну секілді мәселелер деп атады. Сонымен қатар отырыста даму қарқыны баяулаған салалар да белгілі болды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек айтып берсін.
Минстрліктерден бөлек, бірқатар облыс әкімдіктері де бюджеттерін игере алмаған. Атап айтсақ, бұл Батыс Қазақстан, Жамбыл, Ақмола, Атырау облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы. Жалпы соммасы 4 млрд теңге мақсатты жеріне жетпей қазынада қалған. Бұдан бөлек, министр мемлекеттік аудит қортындысын жариялады. Онда да талаптарды бұзу анықталған.
«219 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен 120 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. Сомасы 17 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізуді, қызметтерді көрсетуді және жұмыстарды орындауды қалпына келтіру, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша көрсету жолымен 10 млрд теңгеге ереже бұзушылықтар жойылды», – деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Ал, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев қаңтарда Қазақстанның ұлттық қор активтері 1 млрд долларға кемігенін мәлімдеді. Нәтижесінде қор активтері 57,7 млрд АҚШ долларын құраған. Сондай-ақ ол елімізде жылдық инфляция 7,4 пайызға дейін баяулағанын тілге тиек етті.
«Азық-түлік инфляциясы бағаның жалпы өсуіне үлкен үлес қосуда. Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі жекелеген тауар нарықтарында теңгерімсіздіктің сақталуы аясында 2020 жылғы желтоқсандағы 11,3 пайыздан биылғы жылғы қаңтарда 11,4 пайызға дейін жылдамдады. Инфляцияның азық-түлікке жатпайтын және сервистік компонентінің серпіні әлсіз тұтынушылық сұраныс аясында салыстырмалы түрде тұрақты болып қалуда», – деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев.
Сонымен қатар Ерболат Досаев 1-тоқсанда кәсіпорындардың экономикалық белсенділігі әлсіз өседі деген болжам жасап отыр. Өткен айдың өзінде газ және мұнай өңдеуі төмендеген. Оның себебін жауапты министр былай түсіндірді:
«2021 жылдың қаңтарында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар яғни тұман жаңбыр, ылғалдылық себебінен электр желілеріндегі жоғары вольтты коммуникациялық құрылғыларда кернеу ұшқындауын тудырды. Жоғарыда аталған технологиялық бұзушылықтардың салдарынан «Теңіз шевройл» және «Атырау мұнай өңдеу зауыттары нысандарында апаттық тоқтаулар орын алды», – деді ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.
Жалпы елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты енгізілген шектеулерге қарамастан, 7 негізгі көрсеткіштің ішінде 5-уі бойынша Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында әлеуметтік-экономикалық дамудың өсуі байқалған.
Үкімет отырысында қазақстандықтардың басым көпшілігі зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй мәселелерін шешуге бағыттап жатқаны да айтылды. Азаматтар алынған жинақтардың 87 пайызын осы мақсатқа жұмсап жатыр екен. Дәлірек атасақ, 45,5 пайызы - тұрғын үй сатып алуға, 28 пайыздан астамы - ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеуге, 10 пайыздан астамы екінші деңгейдегі банктерге бастапқы жарна үшін және Отбасы банкінде ипотека алуға және өзге де мақсаттарға жұмсауға ниеттенген.