Қанат Ибраевтың айтуынша, жеңілдік орта бизнеске қадам жасауға жақсы мүмкіндік береді
Еліміздің кәсіпкерлері табысын бизнесіне қайта салуға құлықсыз. Себебі бизнесті тексеретін органдар оларды негізсіз қудалайды. Салдарынан тапқан ақшасын түрлі акцияларға немесе депозитке салып, пассивті кіріс алуды жөн көреді екен. Осылай деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде орта және ірі кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кәсіпкерлердің сотқа, құқық қорғау және салық органдарына, жергілікті билікке қатысты шағымы азаймай тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оларға мемлекет қол ұшын созып, көмектесуі керек екенін баса айтты. Кәсіпкерлер «шағымданушы» немесе «қолдауға мұқтаж» рөлінде көрінбей, мемлекеттік аппараттың тең құқылы серіктесіне айналуы қажет. Сонымен қатар бизнес өкілдері де заң аясында жұмыс істесе, таразы басы теңесетінін атап өтті.
– Жеке капиталды қорғау деңгейінің осалдығы, мемлекеттің экономикаға шамадан тыс араласуы, бағаның нарыққа қайшы жолмен белгіленуі және шамадан тыс реттеу тетіктері – бизнесті толғандыратын мәселелер мұнымен бітпейді. Кәсіпкерлердің сотқа, жергілікті билікке қатысты шағымы тыйылмай тұр. Бұл ретте бизнес тарапынан да салықтан жалтару, капиталды жылыстату, алаяқтық жасау фактілері жиі ұшырасады. Еңбек ұжымдарының құқығын таптау жағдайы да кең таралған. Осының салдарынан екі тарап әрдайым бір-біріне сезіктене қарап, кінә артуға дайын тұрады, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев ірі кәсіпкерлерге барынша жеңілдік жасау керек екенін айтты. Мәселен, егер өңдеу өнеркәсібіне ақша салып, сол салада жұмыс істесең, 3 жыл салықтан босату көзделген. Кәсіпкер Қанат Ибраевтың айтуынша, мұндай жеңілдік орта бизнеске қадам жасауға жақсы мүмкіндік береді.
– Орта немесе ірі кәсіпкер болуға мүмкіндігім бар, бірақ елдегі тексерулер, заңдар оған жол бермей тұр. Президент осы олқылықты шешу үшін жеңілдік жасап жатыр. Егер ол орындалса, көп кәсіпкер бизнесін ұлғайтатын еді. Кәсіпкерлер де осындай бастаманы күтетіні анық. Салықтан белгілі бір уақытқа босатып, салық жүйесіндегі заңның өзгерту сынды бастама ұнады, – деді ҚР Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығының президенті Қанат Ибраев.
Экономист Сапарбай Жобаев «соңғы кезде ірі бизнесмендер табысын банкке салып немесе акция сатып алып, пассивті кіріс ретінде ғана қолдануды жөн көріп жатыр» дейді. Бұрын қалталы азаматтар табыстың 38 пайызын инвестицияға құйып келсе, соңғы кезде бұл сан 27 пайызға дейін төмендеген.
– Бизнеске қиын болып тұр. Кіммен сөйлесерін білмейді. Күнде тексеріс. Сондықтан тексерушілер аз болуы керек. Салық комитеті бар, сол да жетеді. Ал оны биліктің орындауы қиын болып тұр, – деді экономист Сапарбай Жұбаев.
Бизнес өкілдерімен кездесуде Президент кәсіпорын қызметіндегі кез келген, тіпті болмашы қателіктің өзі көбіне қылмыс сияқты қаралады деді. Соның салдарынан еліміздің экономикасы ұдайы қылмыстық-құқықтық қысымға ұшырайды. Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының бұл мәселеге айрықша назар аударғаны жөн екенін жеткізді. Мұндай асырасілтеушілік халықтың Президент бастамасына деген сенімін азайтады деген Мемлекет басшысы «қадағалаудың теңгерімді механизмін құру қажет» деді. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігіне Бас прокуратурамен және бизнес-омбудсменмен бірлесе бір айдың ішінде тиісті ұсыныс енгізуді тапсырды.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Президент мемлекет пен бизнесті жаңа «қоғамдық» шарт жасауға шақырды