Қазақстанда дизель қымбаттап жатыр. Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов жыл соңына қарай арзандайды деген болжамын айтса, сарапшылар керісінше, бағаның шарықтауы ары қарай да жалғасады деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елде қыркүйек айының соңына қарай 200 мың тонна дизель отыны қалған. Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың мәліметінше, биыл өндіріс көлеміне Атырау мұнай өңдеу зауытының жыл басында жоспардан тыс тоқтауы әсер еткен. Соның нәтижесінде, зауыт бекітілген жоспардан 239 мың тоннаға аз өндіріпті. Министрлік осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, дизель отынының бір литрінің орташа бағасы 188 теңге болғанын айтады. 2020 жылы осыған ұқсас баға сақталған.
«Қазіргі уақытта дизель отыны бағасының өскені байқалады. Маусымаралық дизель отыны бағасының қазіргі диапазоны литріне 214-330 теңгені құрап отыр. Импорт пен ішкі нарыққа жеткізілімдерді тұрақтандыру бойынша бағаның өсу диапазоны тарылады деп күтіп отырмыз. Дизель отыны бойынша 330 теңге деген баға болмауы керек. Меніңше, кәдімгідей арзандайды», – деді ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов.
Ол үшін ішкі нарықты дизель отынымен қамтамасыз ету мақсатында бүгінде мұнай өнімдерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салыныпты. Биыл сәуір айынан бастап дизельді экспорттау тоқтатылған. Қазір елорданың өзінде дизель отынының орташа бағасы 330 теңге. Ал сарапшы Олжас Байділдинов бағаның өсуі жалғасады деген болжам жасады.
«Ресми түрде экспортқа шектеу қойылғанмен, ішкі нарықта өзге елдермен салыстырғанда дизель бағасы анағұрлым арзан болғандықтан, сыртқа заңсыз жолмен тасымалданып жатыр. Сондықтан бізде тапшылық бар. Қанша өндірсек те, көлеңкелі экспорттың жолын кеспейінше, мұндай проблема ары қарай да туындай береді. Дүниежүзілік сауда ұйымының талабы бойынша 2025 жылға дейін барлық ел энерго тасымалдаушыларды субсидиялауды тоқтату керек. Сондықтан баға ары қарай да өседі. Соған дайын болуымыз қажет», – деді мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов.
Ұлттық банктің мәліметі бойынша, қыркүйекте дизель отынының қымбаттауы жекелеген облыстарда 10%-дан асып түскен. Өндірістің өсуіне, сондай-ақ экспорттың тоқтатылуына қарамастан, инфляциялық қысымды күшейтетін және басқа тауарларға жанама әсер ететін дизель отынының тапшылығы әлі де байқалып отыр. Соған қарамастан, Энергетика министрлігі жасап отырған дизель бағасы арзандайды деген уәденің қаншалықты орындалатынын уақыт көрсетері сөзсіз.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан