Пандемия салдарынан туындаған қиындықтарға қарамастан кәсіпкерлерге қолдау жалғасып жатыр
Пандемия салдарынан туындаған қиындықтарға қарамастан кәсіпкерлерге қолдау жалғасып жатыр. Оған қоса бірқатар бизнес түрлері салықтан босатылып, «Даму» қоры арқылы небәрі 6 пайызбен несиелерге қол жеткізіп отыр. Ақмола облысындағы бірегей жобалармен танысып қайтан Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбектің бейнематериалы.
Мемлекет қолдауымен, нақтырақ «Даму» қоры арқылы кәсібінің көкжиегін кеңейткен кәсіпорынның бірі – картон қораптарын шығаратын цех. Екі жыл бұрын жұмысын бастаған өндіріс орны биыл қор көмегімен «Бизнестің жол картасы-2025» аясында 86 миллион теңге несие алған. Соның арқасында төлеуге тиісті 14 пайыздың 6 пайызын ғана өтеп отыр.
«Осы көмектің арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Тағы 8 адамды еңбекпен қамтымақшымыз. Шикізатты Ресей мен өз елімізден аламыз. Қораптарымызды жақын маңдағы қалалар мен Ақмола облысындағы ірі кәсіпорындар тұтынады. Айына 250 мың қорап жасаймыз. Алдағы уақытта 600-650 мың қорапқа дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз», – деді цехтың коммерциялық директоры Нұржан Юмашев.
Бүгінде мұнда 20 адам еңбек етеді. Кішігірім цехтың өндіріс жетекшісі Амангелді Қосмағамбетов бұл салада жаңа технологияның тілін білетін мамандарпдың тапшы екенін жасырмайды. Алайда еңбектен қашпайтын адамдарды үйретуге әзірміз дейді.
«Бізге қазір жастар келіп жатыр. Көбі білмейді бұл құрылғыны. Шамамыз келгенше үйретіп жатырмыз. Жастар тырмысып ақырын жүріп жатырмыз... Адам өзі тырмысса барлығын үйренуге болады ғой. Сондықтан ақырын-ақырын үйрендік. Қазір жақсы дәрежеге жетіп жатырмыз», – деді өндіріс меңгерушісі Амангелді Қосмағамбетов.
Ақмола облысында жүзеге асырылған бірегей жобалардың бірі ауыл шаруашылығында қолданылатын тыңайтқыштар өндіретін кәсіпорын да мемлекеттің қаржылай қолдауын сезінген. Бұл Қазақстандағы алғашқы сертификатталған өндіріс орны.
«Сұйық тыңайтқыш. Мына тұрған артымыздағы шикізат. Селитра карбамид-аммиачная. КАС-32 деген. Сол жерге құйылады... Биылдыққа сәуірден бастап істедік. Сәуірден маусым айына дейін 3 мың тонна бердік», – деді учаске басшысының міндетін атқарушы Саят Бексейітов.
Биылғы жарты жылдықта Ақмола облысында жалпы құны 11 миллиард теңгеге жүзеге асырылған 340-тан астам жобаның ішінде ірі кәсіпорындар да бар.
Мемлекет шарапатын көріп отырған кәсіпорындардың бірі Көкшетау қаласындағы ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын зауыт. Бүгінде мында жылына 4000-ға жуық трактор, комбаин, тіркеме секілді әртүрлі техникалар құрастырылады. Өндіріс қуаттылығы жылдан-жылға артып келеді. Бүгінде мында 250-ге жуық адам еңбек етіп жатыр.
Атап айтар болсақ, жылына 1800 МТЗ және 250-ге жуық энергиямен жасақталған тракторларын, 200 комбайн құрастырып шығарады. Қазір зауыт аумағын кеңейтіп жатыр. Тағы да 12 мың шаршы метр жерге өндіріс алаңын және қоймалар салып жатыр. Биыл 240 миллион теңгеге жонатын, кесетін құрылғылар сатып алған.
Хош, бұл Ақмола облысында мемлекеттік бағдарламалар аясында «Даму» қорының субсидиялауымен жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірқатары. Кәсіпкерлердің айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы», «Еңбек», «Өндіріс» секілді қызмет көрсетуден бастап, тауар өндіру саласында көрсетіліп жатқан қолдау зор.
Асылбек Тойбек, Данияр Омар, «Алматы» арнасы