Бұл шешім ұйым министрлерінің бірлескен отырысында мәлім болды
ОПЕК+ елдері тәулігіне өндірілетін мұнай көлемін 2 миллион баррельге қысқартады. Бұл шешім ұйым министрлерінің бірлескен отырысында мәлім болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әзірге өндіріс көлемінің қай кезде өзгеретіні нақтыланған жоқ. Осы тұста айта кетейік, Қазақстан үшін қарашадағы міндеттеме 1,628 миллион баррель болып отыр.
«ОПЕК+ елдерінің соңғы отырысы қызу талқылауда. Бұл жердегі ең негізгі мәселе – мұнай өндіру көлемін қысқарту қарастырылып отыр. Әрине, бұл бірінші кезекте мұнай бағаларының қазіргі уақытта көтерілуіне септігін тигізіп отыр. Және алдағы уақытта мұнай бағасы өсуі мүмкін. Бұл ОПЕК+ отырысындағы қатты талқыланған тақырыптардың бірі. Ресей мұнайына нақты бағаның шегін қою туралы айтылып отыр. Бұл туралы да көптеген пікір айтылуда. «Нарықтың барлық заңдылығына қайшы келеді, олай жасамау керек» деп жатса бір азаматтар, басқа сарапшылардың айтуынша керісінше, «Ресей агрессор ел болғандықтан, мұнай бағасын өсірмейтіндей бағалық шек қойылуы керек»,- деген мәселе де айтылуда. Енді менің өз пікірім, бүгінде Ресейдің мұнайы өте арзан бағада сатылып жатыр. Оған бағалық шекті қою-қоймаудың негізі жоқ сияқты. Басты мәселелер – осы. Белгілі бір дәрежеде алдағы уақытта мұнай бағасы өсетін болады», – деді экономист Мақсат Халық.
Сондай-ақ экономист қабылданған шешімнің бізге қалай әсер ететіні жайлы айтып берді.
«Жақсы, енді бұл біздің елімізге қалай әсер етуі мүмкін? ОПЕК+ елдерінің қатарында Қазақстан да бар. Бұл жерде бірден айту керек, ОПЕК+ елдері мұндай келісімге келу арқылы мұнай көлемінің қысқартылуы нәтижесінде бағалар өсетіні сөзсіз. Ал енді ертең мұнай бағасы қатты өсіп кететін болса, онда бұл жағдай ОПЕК+ елдерінің өзіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Қарайтын болсақ, мұнай бағасы қатты қымбат болатын болса, онда оған деген сұраныс та әлемдік нарықта белгілі бір дәрежеде азаюы мүмкін. Ол белгілі бір дәрежеде экономикалық белсенділікке, іскерлік белссенділікке әсерін тигізуі мүмкін. Яғни, ОПЕК+ елдеріндегі осындай экономикалық өсімге де кері әсері бар. Мұнай бағасының қымбат болып тұруы әлем елдерінің тезірек альтернативті, балама энергия көздерге ауысуына себеп болуы мүмкін. Яғни, бұл жағдайдың белгілі бір жағдайда мұнай қымбаттаса, Қазақстан экономикасына жақсы деп айтып жатамыз. Ол біздің теңгемізге оң әсерін тигізіп жатады. Оның осындай кері де салдары бар екенін біз естен шығармауымыз керек», – деді ол.