«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылды

15.08.2020 01:10

Алдағы 5 жылда елдің жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 35 пайызға жеткізуді көздеп отыр

Егемен Қазақстан

Қазақстанда шағын және орта бизнесті қолдау құралдарының ішінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау құралы сұранысқа ие. Ол туралы «Бәйтерек» Ұлттық Басқарушы Холдингі» басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Қарағойшин айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның сөзінше, 1 тамыздағы жағдай бойынша «Даму» қоры бағдарламаның үш бағыты бойынша 2,8 триллион теңге сомасына 16 мың 311 жобаны субсидиялаған. Сонымен қатар, холдинг алдағы 5 жылда елдің жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 35 пайызға жеткізуді көздеп отыр.

«Шағын бизнесті мемлекеттік қолдаудың сұранысқа ие тағы бір шарасы – «Даму» қоры беретін кепілдік. Кәсіпкер өз бизнесін ашуға немесе кеңейтуге кредит алатын кезде кепілзаты жеткіліксіз болғанда, осы кепілдікті пайдалана алады. 2020 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша кредит сомасы 306 миллиард теңге болатын 7 518 жоба бойынша кепілдіктер берілді. Кепілдіктер сомасы 117 миллиард теңге. «Бизнестің жол картасы» тағы бес жылға, яғни 2025 жылға дейін ұзартылды. Қазір оған едәуір өзгерістер енгізілді», – деді «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Қарағойшин.