Мақсат Халық: Алматыдағы инвестиция көлемі 32,7 пайызға артқан

13.07.2021 02:00

Жыл соңына дейін барлығы 51 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылмақ

almaty.tv

Пандемияға қарамастан Алматы қаласының экономикасы жарты жыл ішінде тұрақты күйде қалып отыр. Қаңтар мен маусым айлары аралығында экономикалық индикатор өткен бес аймен салыстырғанда 1,1 пайызға өсіп, жалпы 8,9 пайызды көрсеткен. Сын-қатерлер болғанымен, оң үрдіс байқалған секторларды сақтап қалу үшін әлеуметтік-экономикалық шаралар қолға алынған. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Қала экономикасы пандемияға қарамастан қалпына келіп жатыр. Жыл басынан бергі экономикалық көрсеткіштер бойынша мегаполистің барлық негізгі салаларында оң серпін байқалады. Әлем елдеріндегідей бізде де қызмет көрсету, туризм сияқты секторлардың табысы күрт түсіп дағдарысқа ұшырағаны мәлім. Әйтсе де, салық көлемі бірден артып, табысы бірнеше есеге ұлғайған салалар бар.

«Өнеркәсіп саласында белгілі бір дәрежеде өсім бар. Ол құрылыс саласында жанданып, кәдімгідей өсім көрсетіп жатыр. Сондай-ақ ІТ, фармацевтикамен байланысты салаларда өсім бар. Бюджетке түскен салық түсімдерін қарасақ жоспар артығымен орындалып жатқанын байқауға болады. Демек, осы тұрғыдан қараған кезде Алматының экономикасы тұрақты деп айтуға болады», – деді UIB Бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халық.

Жыл басынан бері өнеркәсіп - 19,8, құрылыс - 24,1, байланыс қызметтері - 13,7, сауда - 6,6 пайызға артқан. Сондай-ақ, инвестициялар көлемі де ұлғайды. Биыл жалпы құны 314 миллиард теңге болатын 84 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 10 мың жұмыс орны ашылмақ.

«Инвестиция көлемі 32,7 пайызға артқан. Теңгемен айтатын болсақ, 355,4 млрд теңгеге ұлғайған. Бұл – жақсы көрсеткіш. Демек, экономиканың нақты секторында өсім бар», – деді UIB Бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халық.

Ал шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында 1 мыңнан астам жоба мақұлданған. Шағын кәсіпорындар үшін индустриялық аймақтың аумағында шағын өнеркәсіптік парктер, өндірістік үй-жайлар салынып жатыр. Биыл 3 шағын паркті  іске қосу жоспарланып отыр.

«Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау палатасы тарапынан бизнес өкілдеріне қолдау жасалды. Соның арқасында қала қазынасына түсетін салық көлемі төмендеген жоқ», – деді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрлан Жазылбеков.

Сондай-ақ, баға мәселесі де қала әкімдігінің бақылауында. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құнын ұстап тұру үшін базарларда «әлеуметтік дүкендер» ашылды. Бұдан бөлек, 6 айдың ішінде 38 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Жыл соңына дейін барлығы 51 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылмақ.

Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов, Медет Саматұлы «Алматы» телеарнасы