2025 жылы Қазақстанды қандай өзгеріс күтіп тұр

25.12.2024 08:00

1 қаңтарда «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң күшіне енеді

 «Жылан жылы жылыс болды, жылқы жылы ұрыс болды, қой жылы зеңгер тоғыс болды» деген сөз бар қазақта. 2025 – жылан жылы. Тарихта бұл кезең түрлі оқиғалармен есте қалған. 1917 жылғы Қазан революциясы, 1929 жылғы ашаршылық, 1941 жылы соғыстың басталуы – дәл осы жыл белгісімен тұспа-тұс келіпті. Алайда қазақта жылан жылын тек жақсылыққа жорылған, деп хабарлайды Almaty.tv.

2025 жыл отандастарымыз үшін жағымды жаңалықпен басталмақ. Ең алдымен 1 қаңтарда "2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң күшіне енеді. Осыған байланысты айлық есептік көрсеткіш көлемі 240 теңгеге ұлғайып, ең төменгі жалақы мөлшері – 85 мың теңге болады. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі 46 мыңнан асады. Еңбегінің бейнетін көріп отырған жандардың да базалық зейнетақысы 6,5 пайызға көтеріледі. Бұл ретте төлемнің ең төменгі мөлшері 95 мыңнан асса, ең жоғарысы 213 мың теңгенің айналасында болмақ. Бірақ айлық есептік көрсеткіштің ұлғаюы айыппұлдар көлемінің артуына да ықпал ететіні жасырын емес.

Қаржы демекші, жалпыға бірдей декларацияны бұған дейін 2025 жылы барлық қазақстандық тапсырады деп жоспарланған. Алайда халық алаңдаушылық білдіріп, Мемлекет басшысы декларацияға қатысты мәселені тағы пысықтауды тапсырды. Бұл пәрменнен кейін елдегі мемлекеттік органдар базасы барынша цифрландырылып, шоттар бойынша дерек алмасу жолға қойылды. Жеке тұлғалардың активтері туралы барлық ақпарат билікте бар.  Сондықтан келер жылы табысы туралы есепті 8 миллион халықтың бәрі тапсырмайды. Тек жеке кәсіпкерлер, құны 70 миллион теңгеден асатын мүлікті сатып алған мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектор басшылары мен олардың жұбайлары, сондай-ақ өзге мемлекетте мүлкі немесе шетелдік банкте қаржысы бар азаматтар ғана тапсырады. Сондай-ақ 2025 жылы кәсіп саласына да көп көңіл бөлінбек. Тұтынушылар мен саудагерлер үшін – банкаралық QR-төлемдер іске қосылады. Яғни пайдаланушыларға қай банктің қосымшасы болмасын, ортақ жүйеге келтірілген бір терминалда QR-код арқылы сауда жасауға мүмкіндік берілмек.

Жаңа Салық Кодексі қабылданады деп жоспарланып отыр.

"Бірінші кезекте 20 пайыздық корпоративтік табыс салығы қалады. Бұл – дұрыс шешім. Тек банк секторы және ойын бизнесі үшін ол 25 пайызға дейін өседі деп отыр. Менің пікірімше, бұл тағы да дұрыс шешім. Өйткені бұл салаларда ұзақ жылдар бойы тиісті дәрежеде салық салынбаған болатын. Оның ішінде тағы бір құп көретінім – өңдеуші өнеркәсіп саласына 10 пайызға дейін төмендетіледі. Демек өңдеуші өнеркәсіп саласын қолдауға басымдық беріледі. Ауылшаруашылық саласына 3 пайыз дәрежесінде қалдырып отыр. Егер де осы шешімдер қабылданса, сарапшы ретінде құп көремін", – деді экономист, сарапшы Мақсат Халық.

Сонымен қатар, халықтың қауіпсіздік мәселесі де басты назарда. Бұл ретте Алатаудың баурайында орналасқан Алматыда табиғи апаттың алдын алу шаралары мықтап қолға алынбақ. Бірінші жартыжылдықта қаладағы ғимараттарға Жапонияның, АҚШ-тың және Израильдің тәжірибесімен сейсмикалық күшейту жүргізіледі. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 700 миллион теңге қарастырылған. Шаһар халқы сондай-ақ жаңа жолдардың игілігін көрмек. БАКАД-қа дейінгі аралықта радиалды трасса салу, ішкі магистральдық көшелерді ұзарту жұмыстары жүзеге аспақ. Ол үшін 35 миллиард теңгеге жер сатып алу көзделген.

Елге Қырғызстаннан темір тұлпар әкелуге тыйым салынбақ. Бұл сол мемлекетте кедендік рәсімделген және Қазақстанға экспорттауға арналған барлық автомобильдерге қатысты. Басты себеп – көлік құралдарының электрондық паспорт интеграциясының болмауы. Шектеу мерзімі 6 ай деп болжанып отыр. Қайта тіркеу нақты қашан басталатыны белгісіз.

Оқи отырыңыз: Алматыда 2 миллионға жуық адам көгілдір отынды пайдаланып отыр