Ауыл шаруашылығы техникаларының 98 пайызы дайын

Ауыл шаруашылығы техникаларының 98 пайызы дайын
Елімізде ауыл шаруашылығы техникасының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін мобильдік жөндеу бригадалары жасақталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде ауыл шаруашылығы техникасының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін мобильдік жөндеу бригадалары жасақталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Осылайша көктемгі дала жұмыстарына арналған техникалардың 98 пайызы сақадай сай. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Сонымен, биылғы егістік көлемі қандай болмақ? Осыған дейін экспортталуға шектеу қойылған өнімдер жайлы қандай ақпар бар? Фермерлерге нендей жеңілдіктер қарастырылған?

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егістік көлемі 22,5 млн гектарды құрамақ. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың алаңы 15,2 млн гектар, соның ішінде бидайдың алаңы - 11,4 млн гектарды құрайды. Вице-министр Айдарбек Сапаровтың айтуынша, Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында егіс алқаптарын әртараптандыру және жоғары рентабельді дақылдарды өсіруге көшу бойынша жұмыстар жалғасуда. Осылайша, майлы дақылдардың, көкөніс-бақша дақылдары мен картоптың жоспарланған алаңдары біршама ұлғайтылмақ. Ал ауыл шаруашылығы техникасының көктемгі егіс жұмыстарына әзірлігі туралы айтар болсақ, облыс әкімдіктерінің деректеріне сәйкес бүгінде ауылшаруашылық техникасының 98 пайызы сақадай сай. Дала жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін ақпан-маусым айларына 400 мың тоннаға жуық дизель отыны бөлінді.

«Бекітілген кесте бойынша 387 мың тонна жоспардың 119 мың тоннасына келісімшарт жасалып, оның 103,4 мың тоннасы тиелді. Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау бойынша іс-шараларды жүргізу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на республикалық бюджеттен 70 млрд. теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлді, бұл әдеттегіден 10 млрд. теңгеге артық. Соңғы қарыз алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5%-дан аспайды», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Айдарбек САПАРОВ.

Брифингте айтылған тағы бір жаңалық, фермерлерге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қосымша 100 млрд. теңге бөлінді. Субсидиялауды есепке ала отырып, қарыз алушылар үшін соңғы сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6% құрамақ. Бұл шаруаларды айналым қаражатымен, тұқым, тыңайтқыштар, өсімдік қорғау құралдарымен, қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұн мен бидай экспортына квоталардың ұлғайтылуы жайлы да сөз қозғады.  

«Кеше біз сәуір айына квоталарды бекіттік. Бұл 200 мың тонна бидай және 70 мың тонна ұн. Қазір сәуірде қалай болатынын байқап көреміз. Кейін квотаны ұлғайту жоспарда бар. Ай сайын шамамен 300-350 мың тоннаға дейін тиейміз. Ешқандай мәселе туындамайды деп ойлаймыз. Квотаны да сол үшін енгіздік», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Айдарбек САПАРОВ.

Айта кетейік, осыған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі бірқатар азық-түліктің экспортына шектеу қойған болатын. Бұл көкөністің бірнеше түрі мен ұн, бидайға да қатысты болатын. Вице-министр баспасөз беттерінде «қырыққабатты шет мемлекетке сату туралы тыйым салыныпты» деген сыңайдағы ақпаратқа да пікір білдірді. Иә, ішкі қажеттілікті толығымен қамтамасыз ету мақсатында қырыққабатты экспорттауға тыйым салынды. Бірақ бұл тыйым Қазақстан аумағынан тек үшінші елдерге қатысты болып отыр. Ал Еуразиялық экономикалық одақ ішіндегі елдерге, оның ішінде Ресейге қырыққабатты экспортқа шығаруға ешқандай шектеу қойылған жоқ, деді Айдарбек Сапаров.

Салтанат Нысанбекова, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров