2028 жылға қарай республикалық бюджет кірістері 23,2 трлн теңгеге дейін өседі

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Серік Жұманғарин алдағы үш жылға жоспарланған шығыстар параметрлерінің болжамын таныстырды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Парламент Сенатының кезекті отырысында 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы мен жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі талқыланды. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин кірістер болжамын және Ұлттық қор қаражатын пайдалану параметрлерін таныстырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Трансферттерді есепке алмағанда кірістер 2026 жылы 19,2 трлн теңге көлемінде немесе жалпы ішкі өнімге қатысты 10,5% деңгейінде болжануда. Осы жылдың бағалауымен салыстырғанда өсім 4,7 трлн теңгені құрап, 2028 жылға қарай 23,2 трлн теңгеге дейін немесе 20,8%-ға өсуі күтілуде. Жалпы, республикалық бюджеттің меншікті кірістермен қамтамасыз етілуі 2025 жылғы 63,7%-дан 2028 жылы 83,5%-ға дейін өседі», - деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мұнайдың кесімді бағасы бойынша есептелген лимит шегінде жыл сайын 2 770 млрд теңге мөлшерінде айқындалды.

Сондай-ақ Серік Жұманғарин алдағы үш жылға жоспарланған шығыстар параметрлерінің болжамын таныстырды.

«2026-2028 жылдары шығыстардың өсу қарқыны 108,7–109,3% деңгейінде тұрақтандырылды. Бюджеттің шығыстары бюджет қағидаларында белгіленген лимиттерді сақтай отырып, 2026 жылы 27,7 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 15,1%, 2027 жылы – 28,8 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 14,0%, 2028 жылы – 29,8 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 13,0%-ды құрайды», - деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, 2026 жылы республикалық бюджет кірістерінің 19,2 трлн теңге, шығыстарының 27,7 трлн теңге деңгейін, сондай-ақ жоспарлы кезеңде олардың өсімін ескергенде, Ұлттық қордан нысаналы трансферт түрінде қосымша қаражат тарту қажеттілігі болмайды.

«Кірістер мен шығыстардың осындай көлемдері кезінде бюджет нысаналы трансферт түрінде Ұлттық қордан қосымша қаражат тартудың қажеттілігінсіз өзін-өзі қамтамасыз етеді», - деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Оқи отырыңыз: Үкімет жергілікті бюджеттердің тәуелсіздігін күшейтетін жаңа трансферт жоспарын ұсынды

Новости партнеров